Қырғызстан астанасында Қазақстан киносы күндері басталды. Көрермендер заманауи отандық кинематографияның үш туындысын тамашалай алады, деп хабарлайды 24KZ.
Бағдарламаға «Qaitadan» және «Жабайы» көркем фильмдері, сондай-ақ «Алтын Адам» анимациялық картинасы енді.
Іс-шараның ашылуына Қазақстанның Қырғызстандағы Елшілігінің кеңесші-елшісі Асхат Сыздықов пен Қырғызстан Кинематография департаментінің директоры Талантбек Толобеков қатысты.
Екі елдің өкілдері бірлескен мәдени жобалардың Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы байланысты нығайтып, кино саласындағы ынтымақтастыққа жаңа мүмкіндік беретінін атап өтті.
Бішкек көрермендеріне фильм авторлары да өз жұмыстарын таныстырды. Атап айтқанда, «Алтын Адам» анимациялық фильмінің режиссерлері Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазы және «Жабайы» фильмінің режиссері Дамир Әбілханов қатысты.
Қазақстан киносы күндері көрермендерге фильм ұсынумен қатар, екі елдің киноиндустрия өкілдерінің кәсіби пікір алмасуына мүмкіндік берді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар қырғыз көрерменінің заманауи қазақ киносымен жақынырақ танысуына және болашақта бірлескен киножобаларды жүзеге асыруға жол ашады.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #Бішкек #Қазақстан киносыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz