Елордада қазақтың Қыз Жібегі Меруерт Өтекешеваның 75 жасына арналған «ТЕАТР АLL» Халықаралық фестивалі басталды.
Төртінші мәрте ұйымдастырылып жатқан шараға Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстанның үздік ұжымдары қатысып жатыр. Мақсат – актрисаның шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттап, көрермен қауымды оның өнердегі өнегелі жолымен таныстыру. Сондай-ақ отандық және шетелдік театр ұжымдары арасында тәжірибе алмасуға, серіктестіктік орнатуға мүмкіндік жасау. Фестиваль 7 қазанға дейін жалғасады. Айта кетейік, Меруерт Өтекешеваның есімі қазақ кино тарихында «Қыз Жібек» фильміндегі Жібек бейнесімен әйгілі.
Меруерт Өтекешева, Қазақстанның Халық әртісі:
- «Мерей той, біраз жасқа келдіңіз», - дейді. Алайда менің қуанғаным, бұл маған арналған фестиваль сияқты. Бүкіл Қазақстаннан 16 театр осы жерге келіп, өз өнерлерін көрсетіп, әртістері рөлдерін сомдап жатыр. Актер енді қалай болса да өз жұмысын істейді ғой. Десе де фестиваль болған кезде басқаша ойнайды. Қалай болғанда да, бұл – киелі сахна. Сондықтан мен оған қуанып жатырмын. Бұл – маған арналған мереке ғана емес, осы театрда бірге өнер көрсеткен барлық әртістерге арналған мереке.
Асхат Маемиров, Музыкалық жас көрермен театрының директоры:
- Келген театрлардың басты мақсаты – соңғы екі жылдағы репертуарларына енген ең мықты деген спектакльдерді, режиссерлердің ерекше көзқарасымен сахналанған, актерлік ансамбльдерімен ерекшеленетін қойылымдарды алып келу. Сондықтан күн сайын осы елордамызда фестиваль, театр мерекесі өтіп жатыр. Бұл өз кезегінде елордамызда ерекше шығармашылық атмосфера қалыптастырып жатқаны сөзсіз. Ал фестивальдің қорытындысы ретінде жетінші қазан күні үлкен ғылыми конференция өтеді.
Тегтер #қыз жібек #ТЕАТР АLL #фестиваль #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz