RU
Толық нұсқаға өту

«Алтын адамнан» Қазыбек бидің шапанына дейін: реставратор Тұрсынкүл Жайлаубаева 85 жасқа толды

06.10.2026, 16:34 38

Ғасырлардан жеткен жәдігерді қалпына келтіру – ескіні жаңарту емес. Оның әр бөлшегін сақтап, бастапқы қалпын барынша дәл жеткізу үшін кейде бірнеше жыл қажет. Қаз дауысты Қазыбек би мен Абылай ханның шапандарын, сақ дәуірінің киім үлгілерін қалпына келтірген реставратор Тұрсынкүл Жайлаубаева биыл 85 жасқа толды, деп хабарлайды «24KZ».

Тұрсынкүл Жайлаубайқызы еңбек жолын 1980 жылдары Өзбекәлі Жәнібековтің шақыруымен «Қазмузейреставрация» мекемесінде бастаған. Арнайы жоғары білімі болмағанымен, қолөнерге бала кезінен жақын болып, реставраторлық кәсіпті тәжірибе арқылы меңгерген. Осы жылдар ішінде шебердің қолынан ҚР Ұлттық музейінде сақтаулы тұрған көптеген құнды жәдігер өткен.

Солардың бірі – Қаз дауысты Қазыбек бидің шапаны. Жәдігердің небәрі 20 пайызы ғана сақталған. Шапанның кей бөліктері адамдардың ырымдап кесуінен бүлінген. Оны бастапқы қалпына келтіру үшін Тұрсынкүл Жайлаубаева қызымен бірге Бұхарадан түпнұсқаға ұқсас мата іздеп, арнайы жіп алдырған.

Ол кісінің шапанында да қасиет бар. Қазақтар шапанды қырқып-қырқып алған. Қасиетін біле тұра осылай бүлдірген. Соны орнына келтіру үшін қызым екеуіміз Бұхарадан соған ұқсас мата алып келіп, сол матаның жібімен қайта тіктік, – дейді Тұрсынкүл Жайлаубаева.

Шапанды қалпына келтіру жұмысы екі жарым жылдан астам уақытқа созылған. Реставратордың айтуынша, мұндай жұмыстағы ең қиыны – түпнұсқаға сәйкес келетін материалды табу.

Матасына, жібіне ұқсас, сәйкес жіп іздейсің. Оны тіге салуға болмайды. Өзі қалай мата болып келген, соны қайталап жасауға тырысу керек. Реставрация – нағыз көз майының жұмысы. Оңай емес, – дейді шебер.

Тұрсынкүл Жайлаубаева қызы Назыммен бірге Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» киім үлгісін де қайта жаңғыртқан. Ол кезде дайын үлгі болмаған. Сондықтан шеберлер тарихи деректерді зерттеп, сақ дәуірінің киім үлгісін өздері зерделеп, пішімі мен материалын анықтаған.

«Алтын адамды» қызымыз екеуміз тіккенбіз. Министрліктен үйге тапсырыс келді. "Тігесіңдер ме?" деді. "Тігеміз", – дедім. Содан кейін өзіміз іздендік. Мұны кім киген екен деп, тарихын зерттедік. Сөйтсек, оны біздің заманымызда емес, арғы дәуірде өмір сүрген сақ деген бабаларымыз киген екен. Тарихын оқып, зерттеген сайын қазаққа өте жақын екенін түсіндік, – деп еске алады реставратор.

Шебердің кәсіби жолында Өзбекәлі Жәнібековтің орны ерекше. Музей саласына келіп, реставраторлықты меңгеруіне сол кездегі мәдениет қайраткері қолдау көрсеткен.

Бұл жерде реставраторлықты бірінші болып мен бастадым. Өзбекәлі Жәнібеков ағамның қол астында болдым. Өзім арнайы оқыған жоқпын, ешкім үйреткен жоқ. Әрі қарай өзім үйреніп кеттім, – дейді ол.

Кезінде Өзбекәлі Жәнібеков шеберді тәжірибе жинау үшін Эрмитажға жібермек болған. Алайда бұл жоспар жүзеге аспай қалған.

Тұрсынкүл апайдың айтуынша, реставратор болу үшін тек қолдың ептілігі жеткіліксіз. Бұл мамандық адамнан үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап етеді. Ең бастысы – өзіңді тәрбиелеп, ұлттың тарихы мен этнографиясын білу.

Реставратор болу үшін адам өзін тәрбиелеу керек. Барлығынан өту керек. Ұлтыңды, тарихыңды, этнографияны білуің керек. Сабырлы, шыдамды болуың керек. Себебі бұл жұмыс бір күндік емес. Кейбір жұмыстар жылдарға жалғасып кетеді, – дейді шебер.

Ол реставрация саласын дамыту үшін арнайы зертхана ашып, жас мамандарды жүйелі түрде даярлау қажет деп санайды. Өйткені көне жәдігермен жұмыс істейтін маманға тарихи материалды зерттеп, оның құрамын, ерекшелігін анықтайтын мүмкіндік қажет.

Зертхана ашу керек. Шәкірт тәрбиелеу керек. Менің шәкіртім – қызым, – дейді Тұрсынкүл Жайлаубаева.

Бүгінде Ұлттық музейде сақтаулы тұрған көпшілікті елең еткізер тарихи жәдігерлердің бірқатары Тұрсынкүл апайдың қолынан өткен. Ол үшін реставрация – жай ғана кәсіп емес, ғасырлардан жеткен мұраны сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізудің аманаты.

85 жастағы шебердің өзі айтқандай:

Біз тікпесек, мұндай жұмыспен кім айналысады?

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz