Кванджу қаласының тұрғындары Асан қайғыны да, Абайды танып біле алады.
Бұл - Оңтүстік Кореядағы шаһар. Қазір мұнда Орталық Азия халықтарының мәдениетіне арналған бірнеше көрме өтіп жатыр. Экспозициялар Оңтүстік Кореяның ең ірі өнер ордасының бірі Ұлттық Азия мәдениет орталығының аумағында орналасқан. Ұлттық Азия мәдениет орталығында кез келген Азия елі туралы ақпаратты табуға болады. Көшпенділерге арналған көрмеде Ұлы Жібек жолының бағыты көрсетіліп, керуенсарайлар сипатталған. Мұнда киіз үйге кіріп, ұлттық киімдерді киіп көруге болады. Орталық Азия елдерінің халық аспаптарымен танысып, олардың үнін тыңдай аласың.
Чо Ын Джон, Кванджу қаласының тұрғыны:
- Мен мұнда көптеген жаңа дүниені танып білдім. Бір сәтке өзімді басқа әлемде жүргендей сезіндім. Әртүрлі жәдігерлерді көріп, қазақтың ұлттық киімін киіп, керемет әсер адым.
Ю Ын Ён, Сеул қаласының тұрғыны:
- Мен Қазақстан мәдениеті туралы өте аз білетінмін және киіз үйлер мен көшпелі өмір салты тек моңғол мәдениетіне тән деп ойлайтынмын. Бірақ Қазақстанда да осындай салт-дәстүрдің бар екені және ол ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқаны мені таңғалдырды.
Суретші Ким Ён Ын ерекше көрме ұсынды. Оның қойылымынан көрермендер дала мәдениетіне тереңдей бойлап, өздерін көшпенділердей сезіне алады.
Владислав Цой, тілші:
- Мұнда Азияның 7 елінен шыққан танымал авторлардың көне шығармаларын тыңдауға болады. Олардың арасында XV ғасырда өмір сүрген қазақ ақыны әрі философы Асан Қайғының да шығармасы бар. Қазір оның «Еділ бол да, Жайық бол» атты жыры орындалып жатыр.
Чо Ын Ён, Ұлттық Азия мәдениет орталығы көрмесінің кураторы:
- Бұл өлеңнің мазмұны көшпелі өмір салтымен байланысты болғандықтан таңдап алдық. Ол келушілерге көшпенділердің бастан кешкен түрлі эмоциясын сезінуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз.
Азия мәдениет орталығы басшысының айтуынша, Қазақстан мәдениетіне деген қызығушылық артып келеді. Мұны корей туристерінің біздің елге сапарларының көбеюі және «Корея - Орталық Азия» саммитінің сәтті өтуімен байланыстырады.
Ким Сан Ук, Ұлттық Азия мәдениет орталығының директоры:
- Бірнеше жылдан бері Орталық Азияға барып, жәдігерлер жинап, Орталық Азия мұражайын құрдым. Қазір сіздің еліңізге көп назар аударылып отыр. Біз Корея тұрғындарын қазақ халқының мәдениетімен жақынырақ таныстыру үшін көбірек жәдігер жинағымыз келеді. Сондықтан Қазақстан үкіметімен мәдени ынтымақтастықты күшейтуге ниеттіміз.
Келесі жылы Азия ұлттық мәдениет орталығында қазақстандық көрмелер мен концерттер санын көбейту жоспарланып отыр. Бұған екі маңызды себеп бар – екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл және қазақстандық корейлердің тұрып жатқанына 90 жыл.
Владислав Цой, Ольга Лян
Тегтер #корея #көрме #мәдениетPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz