RU
Толық нұсқаға өту

«Махаббат бекеті» кітабы жарыққа шықты

09.10.2026, 23:06 40

Көрерменнің жүрегінен орын алған «Махаббат бекеті» фильмі енді кітап болып жарық көрді. Қазақстанның халық артисі, театр және кино режиссері, кинодраматург Талғат Теменовтің жаңа туындысы «Атамұра» баспасынан басылып шықты. Жаңа кітап Алматыдағы Ұлттық кітапханада таныстырылды, деп хабарлайды 24KZ.


Бір кездері экран арқылы көрерменге жол тартқан махаббат хикаясы енді оқырманға кітап болып ұсынылып отыр. Алғашқы махаббаттың тазалығы, сенім мен сатқындық, тағдыр және дер кезінде айтылмаған сөздің өкініші – кітап дәл осы сезімдермен қайта қауыштырады.

Талғат Теменов, кітап авторы, режиссёр, Қазақстанның халық артисі:

– Кітаптың тұсаукесеріне себеп болған «Атамұра» корпорациясына мың да бір рақмет! Өйткені қазақтың бір сөзі бар. «Бұлақ көрсең көзін аш» деген. Сол секілді мына Рахымғали бауырым осы менің соңғы кездегі жазған әңгіме повесттерімнің бәрін бір жинақ қылып шығарып отыр.

Оқырманға ой салар кітаптың жарық көруіне «Атамұра» баспасы қолдау көрсетті.

Рақымғали Құл-Мұхаммед, «Атамұра» корпорациясының президенті:

– Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен және бастамасымен соңғы кездері әдебиет, мәдениет және білім салаларына қатысты көптеген маңызды жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның ішінде «Кітап оқитын ұлт», «Зерделі ұлт» жобалары да жалғасын тауып келеді. «Атамұра» баспа корпорациясы осы бастамаларды қолдау мақсатында оқырмандарға көптеген жаңа кітап ұсынып жатыр. Солардың бірі – көп оқылады деп үміттеніп отырған белгілі театр және кино режиссері Талғат Теменов ағамыздың «Махаббат бекеті» атты кітабы. Кезінде осы туындының желісі бойынша фильм түсіріліп, көрермендердің көңілінен шықты деп ойлаймын. Енді кітап нұсқасы да оқырмандардың көңілінен шығады деген сенімдеміз.

«Махаббат бекеті» кітабы қалың оқырманға арналған.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz