Астанада Creative Aimaq жобасы аясында ақтөбелік қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі басталды.
Онда ата кәсіпті көздің қарашығындай сақтап, төл мәдениетімізді дәріптеп жүрген жандардың қолынан шыққан бұйымдар ел назарына ұсынылды. Бірегей экспозицияларды тамашалауға Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев келді.
Төл мұрамызды дәріптеген бірегей іс-шара 100-ге тарта қолөнер шеберінің басын қосты. Олардың барлығы аймаққа аты етене таныс ісмер жандар. Шалғайдағы өңірден Астанаға арнайы келген өнер иелерінің жәрмеңкесін Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырыбаев тамашалады.
Асхат Шахаров, Ақтөбе облысының әкімі:
- Мемлекет басшысы осы креативті индустрияны дамытуды уақыт талабы деп атап өтті. Соған байланысты біздің өңіріміздегі бірқатар жобалардың жақсы нәтижесі бар. Бүгін міне 30 бағыт бойынша 100 қатысушы біздің өңірімізден келіп, өз үлесін қосып келеді. Мәдени туризм бізде жақсы дамып келе жатыр. Мүмкіндіктеріміз бар. Осы салада жүрген бизнес өкілдері келіп, өз өнімдерін көрсетуде.
Ұлттық дәстүрімізді кейінгі ұрпаққа кеңінен танытып жүргендердің бірі Әсия Мұхсинова. 20 жылдық тәжірибесі бар ұстаз елімізде алғашқылардың бірі болып үстел ойынын жасап шыққан. Ол баланың бойындағы қабілеттерін шыңдап, салт-дәстүрімізді танып білуге септеседі.
Әсия Мұхсинова, іс-шараға қатысушы:
- Және де ол отбасылық ойын болғанымен оны әртүрлі кластарда, университеттерде ойнап, қазақтың салт-дәстүрі жайлы оңай және қызықты форматта алуға болады.
Зергерлік бұйымдар, тоқыма, киіз басу өнері мен өзге де көздің жауын алар сәндік экспозициялар жәрмеңке төрінен табылды. Келушілер оларды тамашалап қана қоймай, жасалу жолына қанықты. Ал ұнағанын естелікке сатып алды.
Айқын Сегізбайқызы, Астана қаласының тұрғыны:
- Ақтөбенің тарысы тәтті. Жаңа ғана кірдік. Мына картиналар, барлығы махаббатпен жасалған. Шашбау, көз тимесін. Өте ұнады.
Төл нақыш пен замануи сән үйлесім тапқан киім топтамасы шараның көрігін қыздырды. Жәрмеңкеде әсем ән мен күмбір күйге де кезек берілді. Ақтөбелік өнер иелері әзірлеген креативті жәрмеңке ертең де жалғасады.
Назерке Тоқжан, Самат Қазанбаев
Тегтер #Ақтөбе #қолөнер шебері #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz