Қазақстанда соңғы 10 жылда бұқаралық ақпарат құралдарының саны 2,5 мыңнан 5,5 мыңға жуықтады. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов Astana Media Week форумында айтты, деп хабарлайды 24KZ.
Биыл Astana Media Week форумы оныншы рет өткізіліп отыр. Биылғы жиын «Медиа. Адам. Жасанды интеллект: өзгерістер онжылдығы және сенімнің жаңа жүйесі» тақырыбына арналған.
Қанат Ысқақовтың айтуынша, 2017 жылы алғаш рет ұйымдастырылған форум Қазақстан мен Орталық Азиядағы маңызды медиа алаңдардың біріне айналған.
Осыдан он жыл бұрын Қазақстанда шамамен 2,5 мың БАҚ тіркелген еді. Ол кезде халықтың 75%-ы интернет пайдаланса, жаңалықтың негізгі көзі теледидар болатын. Қазір еліміздегі БАҚ саны 5,5 мыңға жуықтады, ал интернет пайдаланушылардың үлесі 98%-ға жетті, – деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, халықтың ақпарат алу дағдысы да өзгерген. Қазір қазақстандықтардың шамамен 45–50%-ы жаңалықтарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлерден оқиды.
Соңғы он жылдағы басты өзгерістер – медианың цифрлық кеңістікке көшуі және жасанды интеллект құралдарының кеңінен қолданыла бастауы. Бұл екі фактор медиа саласын түбегейлі өзгертті, – деп атап өтті Қанат Ысқақов.
Оның сөзінше, Telegram, Instagram, YouTube және TikTok ақпарат таратудың маңызды арналарына айналған. Блогерлер мен әлеуметтік желілердегі танымал қолданушылар дәстүрлі БАҚ-пен бәсекелесіп, қоғамдық пікірге ықпал етіп отыр.
Сонымен қатар жасанды интеллектінің мүмкіндіктерімен бірге қауіптері де бар. Вице-министрдің мәліметінше, биыл Үкімет мүшелерінің, әкімдердің және танымал журналистердің бейнесі қолданылған жалған видеолар тараған. Олар саяси арандату және алаяқтық мақсатында пайдаланылған.
Осыған байланысты Қанат Ысқақов халықтың медиасауатын арттыру, ақпарат көздерінің құпиясын сақтау және жеке деректерді қорғау маңызды екенін атап өтті.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #БАҚ #бақ қызметкерлеріPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz