RU
Толық нұсқаға өту

Серке Қожамқұловтың 130 жылдығына арналған көрме ашылды

15.10.2026, 22:35 35

Биыл қазақ театр және кино өнерінің негізін қалаушылардың бірі, ұлттық сахна өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті тұлға Серке Қожамқұловтың туғанына 130 жыл. Сондай-ақ қазақ операсы, театр және кино өнерінің көрнекті өкілі Кәукен Кенжетаевтың 110 жылдығы, деп хабарлайды 24KZ.


Сахна саңлақтарына арналған көрме ашылды

«Жақсының аты өлмейді». Бұл тәмсіл туғанына ғасырдан асса да ғұмыры халқының жадында жалғасып келе жатқан тұлғаларға арналса керек. Серке Қожамқұлов – өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары қазақ топырағында шымылдығы түрілген кәсіби театрдың алғашқы қарлығаштарының бірі. Қызылорда қаласында іргетасы қаланған театрда тұңғыш рет Мұхтар Әуезовтың «Еңлік – Кебек» трагедиясы қойылып, ол алғаш рет Еспембет рөлін сомдайды. Кәсіби өнерге осылайша аяқ басқан актер ғұмырының соңғы сәттеріне дейін сахна өнеріне қалтқысыз қызмет етті.

Айдос Бектемір, актер, мемлекеттік сыйлықтың иегері:

– Қазақ өнерінде қарашаңырақтың іргетасын қалаушылардың бірі — осы Серағаң. Бұл кісі өмірде де өте керемет, қарапайым адам болған. Қонаев спектакльге келгенде, спектакльді ойнау керек қой енді. Сонда Серағаң станоктың үстімен шығып, Қонаевқа қарап басын иеді. Бұл дегеніміз –  үлкен мәдениеттілік қой. Димекең де бұған қатты риза болды.

Сераға өзі қолданған заттарын, мемлекеттік марапаттарын көзінің тірісінде өзі музейге тапсырыпты. Құнды жәдігерлердің қатарында мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Омаров сыйға тартқан таяғы да бар. Мерейтойлық көрменің бір бөлігі опера әншісі, театр және кино актері, ұлттық өнердің өркендеуіне елеулі еңбек сіңірген режиссер, драматург Кәукен Кенжетаевқа арналды. Өнерді пір тұтқан, өмірде қарапайымдылықты таңдаған тұлғаның өнегесі ұрпақтарына үлгі.

Әсел Кенжетаева, К.Кенжетаевтың немересі:

– Ең алдымен үйренгенім – қарапайымдылық болды. Ол киім киюде де өте қарапайым адам еді. Үнемі жаяу жүретін. Қымбат брендтерге әуес болған емес. Біз оны дүкендерге білдірмей ертіп баратынбыз. Ол бағасын көргенде: «Бұл қанша тұрады?» деп сұрайтын. Мен: «Жоқ, бұл баға емес, бұл – нөмірі», – дейтінмін. Атам ұрыспас үшін осылай айтатын едім.

Кәукен Кенжетаев та қолындағы құнды заттарын 2006 жылы музейге өзі тапсырыпты. Олардың қатарында өзі жанынан тастамаған бәкісі, домбырасы, 1992 жылы студенттері сыйлаған қаламсабы мен портфелі ұсынылған. Қазір бұл түпнұсқа жәдігерлер ұлт мәдениетінің дамуына үлес қосқан тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын жаңа қырынан зерделеуге мүмкіндік береді.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz