Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайберген жаңа DiMENSIONS әлемдік концерттік турнесін бастау үшін Польшаның Краков қаласына барды. Әншіні әуежайда түрлі елден жиналған жанкүйерлері ерекше ықыласпен қарсы алды, деп хабарлайды «24KZ»
16 қазанда Димаш Құдайберген шығармашылық ұжымымен бірге Краков қаласына жетті. Дәл осы қалада 18 қазанда әншінің жаңа әлемдік турнесінің алғашқы концерті өтеді.
Польша Димашты алғаш рет қарсы алып отыр. Әншіні күтіп алу үшін әуежайға жергілікті фан-клуб мүшелерімен қатар, әлемнің түкпір-түкпірінен келген жанкүйерлер жиналған.

Польшалық жанкүйерлер қазақстандық өнерпазға ерекше тосынсый дайындаған. Атап айтқанда, «Skalne Orły» оркестрі Димашты поляк халқының дәстүрлі әндерін орындап қарсы алды. Музыканттар «Hej bystra woda», «Szła dzieweczka» және Подхале өңірінің халық әндерін шырқаған. Сонымен қатар жанкүйерлер әншіні нан мен тұз ұсынып, қарсы алды.
Әуежайда Димаштың құрметіне арнайы баннерлер ілініп, түрлі елдердің тулары көтерілді. Өнерпазды қарсы алуға Польша, Қазақстан, Франция, Румыния, Испания, Жапония, Италия, Канада, Аустралия және Германиядан келген жанкүйерлер қатысқан.

Димаш Құдайбергеннің DiMENSIONS атты жаңа әлемдік концерттік турнесі 18 қазанда Краков қаласындағы TAURON Arena сахнасында басталады.
Тегтер #Димаш Құдайберген #әлемдік турне #Польша #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz