RU
Толық нұсқаға өту

Отандық кино жаңа белеске шықты

17.10.2026, 10:20 35

Қазақ киносы жаңа белеске шықты. Әлемге әйгілі актер, режиссер Джеки Чан Қазақстанда түсірілім жұмыстарын аяқтады. Ал отандық киноиндустрия жаңа рекордтар орнатып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Миллиардтаған кассалық түсім, жүздеген премьера мен халықаралық деңгейдегі марапаттар – қазақ киносының бүгінгі жетістігі.

Кинотеатр экрандарында отандық туындылардың үлесі жылдан жылға артып келеді. Ал әлемдік деңгейдегі фильмдер Қазақстанда түсіріліп, отандық картиналар көрерменді кинозалдарға көптеп тарта бастаса, бұл жай ғана прокаттағы жетістік емес, бұл – отандық кинематографияның жаңа белеске көтерілгенінің айқын көрінісі.

«Құдайдың сауыты. Ультиматум» атты әйгілі кинофраншизасының төртінші бөлімінің Қазақстанда түсірілуі – соның бір дәлелі.

«Азиялық қыранның» алғашқы шытырман оқиғалары үлкен экранға шыққалы 40 жылға жуықтады.

Енді аты аңызға айналған туынды қазақ жерінде қайта жаңғырмақ. Джеки Чанның каскадерлер командасы әлемге әлдеқашан танылған. Ал бұл жолы миллиондаған көрермен танымал актердің жаңа фильмі арқылы Қазақстанның көркем табиғатын тамашалауға мүмкіндік алады. Түсірілімнің негізгі орындарының бірі ретінде еліміздің батысындағы Бозжыра шатқалы таңдалған.

Ғани Мұратов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдениет комитеті кинематография басқармасының басшысы:

– Біз шетелдік киностудиялар мен мамандарды Қазақстанға тартып, олардың фильмдерін елімізде түсіруге мүдделіміз. Өйткені бұған қажетті барлық мүмкіндік, ресурс пен түсірілім алаңдары бар. Тауларымыз да, кең байтақ даламыз да, көлдеріміз бен Каспий теңізі де бар. Мамандарымыздың кәсіби деңгейі де жоғары.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, әлемдік киностудияларды елге тартудың пайдасы туристік әлеуетті арттырумен ғана шектелмейді. Бұл – отандық мамандар үшін халықаралық тәжірибе жинақтаудың таптырмас мүмкіндігі. Қазір Қазақстанда талантты актерлердің, режиссерлер мен продюсерлердің жаңа буыны қалыптасып келеді. Мұны фильмнің түсірілім тобына қосылған қазақстандық актер Рүстем Омаров та растады.

Рүстем Омаров, актер:

– Мен қатты қобалжыдым. Бізбен тәжірибесімен бөліскен Джеки Чан мырзаға, оның бүкіл командасына және бас продюсер Эйзмандқа алғыс айтқым келеді. Бұл түсірілімнен шынымен де мол тәжірибе жинадық.

Отандық кино өндірісінің қарқыны да бәсең емес. Осыдан екі жыл бұрын 94 фильм прокатқа шықса, былтыр бұл көрсеткіш 103-ке артқан. Мәдениет министрлігі өкілдерінің сөзіне сенсек, биылғы нәтиже бұдан да көп болмақ.

Ғани Мұратов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдениет комитеті кинематография басқармасының басшысы:

– Қазақстандық фильмдер жалпы кинопрокат кассасының жартысын жинады. Мәселен, 2025 жылы бұл көрсеткіш 30 млрд теңгені құрады. Яғни фильмдер түсіріліп қана қоймай, өндірушілерге табыс әкеліп, мемлекет қазынасына салық түсімдерін қамтамасыз етіп отыр. Осылайша, киноиндустрияның экономиканың бір бөлігіне айнала алатынын көріп отырмыз.

Киноиндустрияның қанат жаюына мемлекеттік қолдаудың да ықпалы зор. Соңғы алты жылда бюджет қаражаты есебінен 150 фильм түсіріліп, олардың 95 пайызы кең прокатқа жолдама алған. Соның бір мысалы – «Қайтадан» көркем фильмі. Туындының кассалық түсімі алғашқы аптаның өзінде 400 миллион теңгеге жеткен.

Ал мемлекет қолдауына кез келген киножоба ие бола бермейді. Қаржыландыруға ұсынылған туындылардың тек табыс әкелу мүмкіндігі ғана емес, қоғамға берер тағылымы мен көркемдік құндылығы да таразыға түседі.

Эльмира Мадшер, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ киножобалар өндірісі бөлімінің басшысы:

– Киножобаларды қарастыру кезінде біз олардың коммерциялық әлеуетін, әлеуметтік маңызын және көркемдік құндылығын бір-біріне қарсы қоймаймыз. Керісінше, мүмкіндігінше осы үш талаптың бір туындыда тоғысқанын құптаймыз. Сондықтан сценарийдің драматургиялық құрылымы мықты, авторлық идеясы тың, кейіпкерлері нанымды, ал көтерілген тақырыбы терең әрі мазмұнды болуы тиіс. Сондай-ақ біз тек көркем фильмдерді ғана емес, деректі, анимациялық және авторлық туындыларды да қаржыландырамыз.

Отандық киноның өрісі кеңейген сайын көрермен талғамы да өзгеріп келеді. Осыдан он жыл бұрын еліміздегі кинопрокаттың 80 пайызға жуығын шетелдік фильмдер құраса, бүгінде азаматтарымыздың таңдауы көбіне төл туындыларға түсе бастаған. Тиісінше, мемлекеттік тілде түсірілетін фильмдердің үлесі артып отыр. Ал әлемдік кино туындылар қазақша дубляжбен немесе субтитрмен ұсынылып келеді. Биыл да көрерменді бірқатар ірі премьера күтіп тұр.

Олардың қатарында толықметражды 3D форматындағы «Анэс» анимациялық фильмі мен көпшілік асыға күткен «Құдайдың сауыты. Ультиматум» блокбастері бар.

Авторлары: Назым Кенжебай, Галина Ахметова, Мейрам Жүнісов, Санжар Біргебаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz