RU
Толық нұсқаға өту

Ұлттық мұра ұрпақтан ұрпаққа дәріптеліп келеді

18.10.2026, 10:32 40

Қазақтың дәстүрлі қолөнері ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан мәдени мұра.

Әрбір ою мен өрнекте халықтың тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы мен тарихы жатыр.

Бүгінде осы мұраны сақтап, көне өнердің қыр-сырын жастарға үйретіп жүрген шеберлер бар.

20 жылдан астам уақытын ұлттық қолөнерді дамытуға арнаған Бұлбұл Кәпқызы бүгінде осы өнердің қыр-сырын жас ұрпаққа үйретіп келеді. Шебердің айтуынша, қазақтың дәстүрлі тоқыма өнерінің ішінде өрмек тоқудың орны ерекше.

Бұлбұл Кәпқызы, этнограф:

- Қазақтың тоқыма өнері дегенде, ең алдымен, кілем тоқу өнері еске түседі. Оның тықыр кілем және түкті кілем деген түрлері бар. Ал қазақтың әлемде теңдесі жоқ ерекше өнерінің бірі өрмек тоқу өнері. Өкінішке орай, бүгінде бұл өнер кенжелеп бара жатыр. Өрмек тоқу есепке негізделген өнер. Алдымен жіптерді санап, өрмегін құрып аласың, содан кейін оған қажетті ою-өрнекті таңдайсың. Сондықтан тоқылатын бұйымның өрнегі мен нақышы жіптің санына тікелей байланысты.

Жанар Меңдігерей, тілші:

- Кілем тоқу сырттай қарағанда оңай көрінгенімен, әрбір өрнектің өз реті, әрбір жіптің өз орыны бар. Бір ғана өрнекті қалыптастырудың өзі үлкен шеберлікті қажет етеді. Сондықтан бұл өнерді сақтау үшін дәстүрді дәріптеп қана қоймай, оны тәжірибе жүзінде үйретудің де маңызы зор. 

Бүгінде өрмек тоқудың қыр-сырын меңгеріп, шеберден тәлім алып жүрген жастар көп. Олар қолөнерді үйреніп қана қоймай, ұлттық құндылықты жер-жерде дәріптеп жүр. 

Құндыз Әскер, студент:

- Менің өзімнің ата анам әжем осылай кілем тоқитын және олар кілем тоқығанымен бізде үйде ондай құралдар болмады. осы өнер арқылы біз ақтау қаласына Дала скилс жарысына барамыз колледж атынан бізді жібереді. 

Сондай-ақ Қазақстанда тарихи-мәдени мұраны сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізуге музейлердің қосар үлесі зор. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2026 жылы елімізде 286 музей жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы халқымыздың тарихы мен мәдениетін танытып, ұлттық құндылықтарды насихаттауға үлес қосып келеді.

Айгерім Сартаева, музей ісі бойынша сарапшы:

- Бұл көрме оқушылардың, әсіресе өнер мектептерінде білім алып жүрген жастардың қызығушылығын тудырады. Өнерге жақын балалар мұндай экспозициялар арқылы тарихи-мәдени мұрамен танысып, ұлттық құндылықтар туралы білімдерін кеңейте алады. 

Ғасырлар қойнауынан жеткен ұлттық қолөнер халқымыздың асыл рухани мұрасы. Оны көздің қарашығындай сақтап, жас ұрпаққа үйрету ұлттық мәдениетіміздің сабақтастығын жалғастырудың жарқын жолы.

Жанар Меңдігерей, Ғалымжан Абдылахат

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz