Семейде Республика күні қарсаңында «Мирас» сериясымен жарық көрген 35 томдық жинақтың тұсаукесері өтті. Іс-шараға Абай облысының әкімі Берік Уәли, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты. Алғаш рет жарық көрген көптомдық басылымға қазақ зиялыларының ағартушылық бағыттағы еңбектері, балаларға арналған туындылар мен аудармалар енген. Жинақтың басты мақсаты ұлттың рухани мұрасын жаңғыртып, оны жас ұрпаққа кеңінен таныстыру, деп хабарлайды 24KZ.
«Мирас» сериясы аясында әзірленген бұл жинақ қазақтың көрнекті ағартушылары мен Алаш қайраткерлерінің еңбектерін бір арнаға тоғыстырған құнды басылым. Ол білім мен ғылымды дамытуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және жас ұрпақтың таным көкжиегін кеңейтуге бағытталған. Жинақтағы еңбектер облыстағы барлық мектептер мен колледждерге таратылады.
Берік Уәли, Абай облысының әкімі:
– Биыл 16 мамыр күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлт болашағын айқындайтын, адам капиталын дамытуға тікелей ықпал ететін тарихи Жарлыққа қол қойды. Біздің Абай облысында да осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізілуде. Солардың бірегейі – «Мирас» сериясының аясында әзірленген 35 томдық жинақ.
Жинаққа Тұрағұл Абайұлы, Спандияр Көбеев, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы сынды ұлт қайраткерлерінің еңбектері енгізілген. Басылымдар мазмұнына қарай «Жаратылыстану», «Әдеби аудармалар» және «Балаларға базарлық» атты үш бөлімге топтастырылған. Әр бөлім жас оқырманның білімін тереңдетіп, дүниетанымын кеңейтуге бағытталған.
Қарлығаш Әубәкір, филология ғылымдарының PHD докторы:
– Бұл 35 кітап – Алаш қайраткерлерінің 20-ғасырдың басында қазақ балаларына арнап жазған еңбектерінің таңдамалы жинағы деп айтсақ болады. Қазақ балаларының болашағы үшін, оқу-ағарту жолында үлкен бір мазмұнды шара деп есептейміз. Күллі қазақ жұртына, Алаш жұртына құтты болсын.
Көптомдыққа енген тарихи мұралар бүгінгі оқырманның жас ерекшеліктеріне сай әзірленіп, көркем иллюстрациялармен толықтырылған. Бұл балалардың күрделі тақырыптарды жеңіл қабылдап, кітапқа деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков
Тегтер #Семей #жинақ #тұсаукесер #Абай облысыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz