RU
Толық нұсқаға өту
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи мұрасына арналған кітап көрмесі өтті

22.10.2026, 15:02 37

Түркістан қаласындағы «Фараб» облыстық кітапханасында «Қожа Ахмет Ясауи мұралары» атты кітап көрмесі өтті. Республика күні қарсаңында ұйымдастырылған іс-шараға Қазақстан мен шетелден келген ғалымдар, тарихшылар және мәдениет саласының өкілдері қатысты. Көрмені 200-ге жуық адам тамашалады, деп хабарлайды «24KZ».

Кітап көрмесін Мемлекет басшысының «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы ұйымдастырды.

Көрмеге Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен шығармашылығын, рухани мұрасын зерттеуге арналған ғылыми еңбектер, монографиялар, мақалалар жинақтары, аудармалар мен сирек басылымдар қойылды.

Іс-шараға Түркия, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген зерттеушілермен қатар отандық ғалымдар, дінтанушылар, зиялы қауым өкілдері, мәдениет және музей ісінің мамандары қатысты.

Кітап көрмесі «Сырдарияның орта және төменгі ағысы алабындағы түркі мәдениеті» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясында өтті.

Кездесу барысында қатысушылар Қожа Ахмет Ясауи мұрасын зерттеуге арналған ғылыми еңбектермен танысып, Қазақстан мен шетелдік ғалымдар зерттеу нәтижелері мен тәжірибелерін ортаға салды.

Айта кетейік, Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасы түркі халықтарының мәдениеті мен әдебиетінде маңызды орын алады. Оның шығармашылығын зерттеу және насихаттау тарихи-мәдени мұраны сақтау мен келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz