«Алыстан жеткен асылдар».
Алматыда Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, суретші, өнертанушы, коллекционер Мұхамеджан Әлімбаевтың 75 жылдығына арналған еске алу көрмесі ашылды. Мәдени шарада суретшінің эссе-естеліктері, мақалалар мен өмірбаяны жайлы екі томдық кітабының таныстырылымы өтті.
Мұхамеджан Әлімбаев бүкіл саналы ғұмырын ұлттық мұраны насихаттауға арнады. Этнографиялық экспедициялар ұйымдастырып, ел ішінен қолөнер бұйымдарын жинады. Көне зат көріп қалса, соңғы ақшасын санап берген деседі. Өнертанушының жеке коллекциясында мыңнан аса жәдігер бар. Әсіресе тоқыма, кесте, жез бен мыстан жасалған ыдыс-аяқ, зергерлік және ағаш бұйымдарының тарихы тереңде жатыр. Қазір ХХ ғасырда шеберлердің қолынан шыққан түкті және тақыр кілемдер, алашалар сирек кездесетін бағалы жәдігерге айналған.
Еркін Нұразхан, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, суретші:
- Негізгі еңбегі халықта жойылып бара жатқан қолөнер бұйымдарын жинады. Қазақстанның көп облысын аралады. Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолияға барды. Түркия, мына Ресейдің қазақ ауылдарына дейін аралап осы қолөнер бұйымдарының сирек туындыларын жинауға мүмкіндік тапты және оны насихаттап жазды.
Көрмедегі ерекше жәдігер - ғарышта болған кілемше. Мұхамеджан Қожахметұлы Сыр бойында тоқылған шағын кілемшені Тоқтар Әубәкіровке сыйға тартып, ғарышқа ала баруын өтінген. Қазір бұл қолөнер бұйымы Орталық музейде сақтаулы.
Ғабит Әлімбаев, Мұхамеджан Әлімбаевтың ұлы, өнертанушы:
- Көрмелер ұйымдастырып, соны шетелдерге Түркияға, Америкаға, Қырғызстан, Моңғолия елдеріне апарып, көрмелерді көрсеткен. 1991 жылы Тоқтар Әубәкіров космосқа ұшқан кезде арнайы кілем тоқытып, эскиз бойынша сол кілемді космосқа ұшырған.
Мұхамеджан Әлімбаев 1951 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Алматыдағы Гоголь атындағы көркемсурет училищесін тәмамдаған. Өзі де керемет қолөнер шебері болған. Көне заттарды қалпына келтірумен айналысқан. Оның қолынан өткен 300-ден астам экспонат қазір музейлерде сақтаулы тұр. Кейін журналистика мамандығын қоса меңгерді.
Талғат Мамашев, мемлекет және қоғам қайраткері:
- Көрмедегі коллекциялар тек бөлігі ғана ғой, 20 жылдан астам еңбек етіп, осынша коллекция жинады. Қазақтың қолөнерін дәріптеді. Оңай болған жоқ. Талай қиыншылықтарды басынан өткізді. Елге танымал болды. Еңбегі бүгінгі көрмемен ғана бітпейді арықарай жалғаса береді деп.
Көрмеде Мұхамеджан Әлімбаевтың көзі тірісінде өзі бастап жазып, аяқтай алмай кеткен «Алыстан жеткен асылдар» атты екі томдық кітабы көпшілікке таныстырылды. Жинаққа өмір жолы, мақала-сұхбаттары мен естеліктер кірген. Өнертанушы 2008 жылы 57 жасында өмірден өтті. Алдағы уақытта ұрпағы әкесі армандаған кілем музейін ашсақ дейді. Оған қолдау қажет екенін айтады. Әзірге экспонттарды жеке қоймада сақтап отыр.
Авторлары Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов
Тегтер #Алматы #суретші #еске алу #көрме #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz