Шаһар іргесіндегі Қарағайлы қорымынан Сақ дәуірінің алтын бұйымы табылды.
Аю пішінді құйма, әшекей бұрын-соңды еш жерде кездеспеген. Қазба жұмыстарын Алматы қаласы музейлер бірлестігінің қызметкерлері жүргізді.
Ернұр Рысбай, тілші:
- Қарағайлы қорымы - сақ дәуірінен жеткен үнсіз шежіре. Бір кезде алыстан менмұндалаған биік оба қазір адам бойынан сәл ғана асады. Диаметрі 26 метр. Қорым талай рет тоналса да бір сырын бүгінгі ұрпаққа сақтап қалыпты.
Сақ шеберлерінің қолынан шыққан әшекей саф алтыннан құйылған. Археолог Марат Нұрпейісовтің болжауынша, оны киімге сәндік әшекей ретінде қадаған. Оған бұйымдағы арнайы тесіктер дәлел. Салмағы 8 грамм. Өзі жеңіл болғанымен, қазақ тарихы үшін маңызы үлкен.
Ләззат Сағындықова, Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры:
- Бұл олжа сирек кездесетін құбылыс. Себебі соңғы рет, 2014 жылы Алматы қаласының аумағында барыстың бейнесінде және қыран құстың бейнесінде Алатау ауданы Көкқайнар ықшам ауданының аумағынан осындай археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған болатын.
Обадан жеті адамның сүйегі шықты. Төртеуі ересек, үшеуі балаға тиесілі болуы мүмкін. Бұл жәйттің өзі археологтарды таңқалдырып отыр. «Әдетте мұндай қорғандарға бір-екі адам жерленетін», - дейді ғалымдар.
Марат Нұрпейісов, Алматы қаласы музейлер бірлестігінің аға ғылыми қызметкері:
- Қай жағынан алсақ та ерекше қорған. Алда үлкен ғылыми зерттеу күтіп тұр. Бұл жерге тым көп адам жерленген. Бұл кісілер ауруға душар болды ма? Әлде жау қолынан ажал құшты ма, оны антропологиялық зерттеулер анықтайды. Барлық артефактілер араласып кеткен. Сүйектер шашылып, қыш ыдыстардың бөлшектерін әр жерден таптық.
Қарағайлы қорымы біздің заманымызға дейінгі IV-III ғасырларға жатады. Скиф-сақ мәдениетінде аң стилі, оның ішінде аю культі жиі кездеседі. Бірақ салмағы сегіз грамм таза алтыннан құйылған мүсінше тұңғыш рет табылып отыр.
Ләззат Сағындықова, Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры:
- Қала аумағында яғни есепке алынбаған, мемлекеттің қорғауына алынбаған ескерткіштер жыл сайын анықтау бойынша зерттеу жұмыстары жүргізіліп тұрады. Биыл да қала әкімдігінің қолдауымен Алматы қаласының аумағында орналасқан осындай есепке алынбаған, апатты жағдайдағы археологиялық ескерткіш табылды.
Қарағайлы қорымынан шыққан жәдігерлер ғылыми айналымға еніп қазақ тарихын байытатыны сөзсіз. Ал «Алтын аю» мүсіншесі музей төрінен орын алады.
Авторы Ернұр Рысбай
Тегтер #Алматы #археологтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz