RU
Толық нұсқаға өту

Алматыда Наталья Сац театры қайта ашылды

08.11.2026, 18:20 40

Алматыдағы Наталья Сац атындағы мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театры қайта ашылды. Мәдениет ошағы жаңғырту жұмыстарынан кейін көрермендерін қарсы алды, деп хабарлайды 24KZ.

Өнер ұжымы театрдың туған күні мен жаңартылған кешеннің ашылуына орай «САЦ. Үйге оралу» атты гала-спектакль ұсынды.

Сац театры күрделі жөндеу мен жаңғыртудан кейін жаңа келбетке ие болды. Тарихи ғимараттың сәулеттік ерекшелігін сақтауға баса мән берілді. Нысан 1981 жылы салынған. Театрдың ашылғанына да биыл – 81 жыл. Негізін қалаушы – белгілі режиссер Наталья Сац. Құрылыс кезінде реставраторлар мозаика, мәрмәр тас сияқты бағалы бөлшегін қалпына келтірді. Инженерлік желі, дыбыс пен жарық құрылғылары, сахналық-техникалық жабдықтар жаңартылды.

Олег Гостев, Наталья Сац атындағы мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театрының директоры:

– Наталья Сац театры еліміздегі ең ірі мәдениет ошағының қатарынан. Бір жарым жылдан соң қайта жаңарған театрымызға оралып отырмыз. Алған әсеріміз керемет. Біздің мақсатымыз – жас ұрпақты тәрбиелеу, балалардың бойында шынайы отансүйгіштік сезімін қалыптастыру, үлкенді құрметтеуге баулу. Халықтың өнерсіз өмір сүруі мүмкін емес. Себебі өнер мен мәдениет – қоғамды алға жетелейтін қозғаушы күш. Ал театрдың бұл бағыттағы рөлі өте зор.

Театр жанынан жаңа ғимарат салынды. Ол жерде Борис Преображенский атындағы камералық сахна, екі дайындық залы бар. Оған қоса, кішкентай көрермендер үшін Baby Hall кеңістігі ашылды. Мұнда балалар театр әлемімен танысады. Сонымен қатар кітап оқуға және шығармашылық кездесулер өткізуге арналған Book Hall мен «Sats ComUnity» балалар студиясының оқу театры жұмысын бастады.

Галина Пьянова, театр режиссері:

– Мен бүгінгі келген көрерменді осы кеңістік баурап алса екен деймін. Оның ерекше атмосферасын сезініп, рухани жылуына бөленсе екен. Себебі мұнда әдемілік, жоғары эстетика, театрға, көрерменге, туған қаламызға және елімізге деген шынайы сүйіспеншілік жатыр. Бұл баршамызды біріктіретін ғажап жер.

«САЦ. Үйге оралу» гала-спектаклі театрдың тарихы мен дәстүріне, көрерменмен қайта қауышуға арналған. Жаңа шығармашылық кезеңнің басталғанын білдіреді. Оған қоса, өнер иелері екі бірдей қойылым ұсынды. Үлкен сахнада «Етік киген мысық» музыкалық ертегісі, ал камералық сахнада «Шекспирге деген құштарлық» комедиясының тұсаукесері өтті.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz