RU
Толық нұсқаға өту

Алматыда қос ансамбльдің мерейтойлық концерті өтті

14.11.2026, 15:45 36

Қазақ өнерінің қос қанатына айналған «Алтынай» мемлекеттік би ансамблі мен «Адырна» фольклорлық-этнографиялық ансамбліне – 40 жыл. Алматыда қос ұжымның мерейтойына арналған салтанатты концерт өтті. Кешке өнерсүйер қауыммен қатар қос ансамбльдің бұрынғы әртістері де келді, деп хабарлайды 24KZ.

Тура 40 жыл бұрын, мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен сахнаға шыққан «Адырна» ансамблі бүгінге дейін ұлттық музыка мен дәстүрді дәріптеп келеді. Ал «Алтынай» ұжымы қазақ би өнерін кеңінен насихаттап, талай буын бишілерді тәрбиеледі. Биік белестерді бағындырып, отандық өнердің дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырды.

Сәбит Әбдіхалықов, Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының директоры:

– Жалпы 1985 жылы құжат бойынша құрылғанмен негізі сахнаға шығып, 86 жылы өнер көрсету басталған. Осыған орай үлкен іс-шара өткізіп жатырмыз. Бүкіл республикадан филармонияның басшылары, өкілдері келіп жатыр.

Әр жылдары «Адырна» құрамында Мәдина Ералиева, Ұлжан Айнақұлова сияқты қазақтың жезтаңдай қыздары ән шырқаған. Ал Шара Жиенқұлова мен қазақтан шыққан тұңғыш балетмейстер Дәурен Әбіров «Алтынайдың» алғашқы би бағдарламаларын қоюға атсалысты. Биші-педагог Тойған Ізімнің де ізі қалды.

Бақыт Беделхан, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:

– «Алтынай» ансамблі мен «Адырна» ансамблі – аңызға айналған, елдің рухын оятып, жүрегін тебіренткен таланттар тобы. Мұндай қазыналы ордаларды жаңғыртып, жандандырып, еске алып, еңсесін көтеру – біздің міндетіміз, парызымыз. Мәртебелі мереке құтты болсын!

Ұлттық өнерден сусаған көрермен әдемі кештен ләззат алып қайтты. Мерейтойлық концертке көршілес Өзбекстан, Қырғызстан және Қытай Халық Республикасынан келген өнерпаздар да қатысты.

Авторлары: Бекзат Үшкемпір, Сержан Жұмабаев 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz