Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында көрнекті опера әншісі, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Ермек Серкебаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған фестиваль өтті, деп хабарлайды «24KZ».
Мерейтойлық шара аясында өнер иесінің шығармашылық мұрасымен байланысты әйгілі опералық қойылымдар сахналанды.
Ермек Серкебаевтың жарты ғасырдан астам шығармашылық жолы осы театрмен тығыз байланысты. Өнер иесі көптеген танымал опералық партияларын Абай атындағы театр сахнасында орындаған.
Фестиваль Джоаккино Россинидің «Севильдік шаштараз» операсымен ашылды. Бұл қойылымдағы Фигаро партиясын шебер сомдаған Ермек Серкебаев кезінде «КСРО-ның үздік Фигаросы» атанған. Сондай-ақ көрермен назарына Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсы ұсынылды. Әнші осы туындыда өзінің әйгілі сахналық бейнелерінің бірін сомдаған.
Мерекелік бағдарлама театрдың жетекші солистері мен халықаралық байқаулардың лауреаттары қатысқан гала-концертпен түйінделді. Концертке Татарстан Республикасының халық әртісі, Ресей мен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ренат Салаватов және театрдың бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Байбосынов дирижерлік етті.
Салтанатты шараға Ермек Серкебаевтың жары Әлфия Байжанова, бауыры, дирижер Мұрат Серкебаев, Жәмила Серкебаева, өнер иесінің жақындары мен әріптестері қатысты.
Фестиваль аясында театр фойесінде әншінің қызы Ирина Серкебаева жазған «И жизнь, и молодость, и счастье…» кітабының екінші басылымы таныстырылды. Басылымда Ермек Серкебаевтың өмірі мен шығармашылық жолы баяндалады.
Айта кетейік, бұл фестиваль – әйгілі опера әншісінің 100 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралардың жалғасы. Бұған дейін, 18 қыркүйекте Абай атындағы театр ұжымы Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде «Дәуір үні» атты гала-концерт ұсынған болатын.
Мерейтойлық шаралар отандық опера өнерінің дамуына зор үлес қосқан Ермек Серкебаевтың шығармашылық мұрасын ұлықтауға және кейінгі ұрпаққа насихаттауға бағытталған.
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #Ермек СеркебаевPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz