Астанада Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының 35 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар өтті. Мерейтойлық шараларға мәдениет және өнер қайраткерлері, театр қауымының өкілдері мен құрметті қонақтар қатысты, деп хабарлайды «24KZ».
Мерейтой аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында театр тарихына арналған конференция ұйымдастырылды. Жиында «Ұлттық театр» кітабы мен әртістердің өмірі және шығармашылығына арналған кітапшалар топтамасының тұсаукесері өтті. Конференцияда ұлттық театр өнерінің қалыптасуы мен дамуы, театрдың шығармашылық мұрасы және Қазақстанның мәдени өміріндегі орны сөз болды.
Театр ғимаратында ұжымның негізін қалаушы, режиссер Жақып Омаров атындағы кіші сахна ашылды. Сондай-ақ режиссердің портреті мен театрдың аға буын актерлеріне арналған портреттер галереясы таныстырылды.
Мерекелік бағдарлама әртістердің қызыл кілеммен салтанатты шеруіне ұласып, шығармашылық кешпен аяқталды.
Мерейтойлық шаралар театрдың өткен жолын саралауға, шығармашылық әлеуеті мен алдағы даму мүмкіндіктерін танытуға жол ашты.
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz