Қызылордада ұлттық өнерді ұлықтаған «Киіз Fest» көрмесі өтті. Аймақтың жүзге жуық шебері 250-ден астам туындыны көпшілік назарына ұсынды, деп хабарлайды 24KZ.
Жобаның мақсаты – киізден жасалатын бұйымдардың әсемдігін көрсетіп қана қоймай, қолөнердің бұл түріне жаңаша, заманауи сипат беру.
Жұмсақ, жылы әрі өзіндік ерекшелігі бар киіз қазақ халқы үшін ежелден жай ғана дүние емес. Ол хас шебердің қолынан шықса, ою-өрнекке тұнып тұрған тұтас бір философия. Бүгінде сол дәстүрлі өнер жаңа сипатқа ие болды. «Киіз Fest» көрмесінде қабырға панносынан бастап сәнді аксессуарларға дейінгі сан алуан бұйымдар ұсынылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көне қолөнер қайта жаңғырып келеді.
Айзат Мырзаева, көрмені ұйымдастырушы:
- Біздің қазіргі жастарымыз осы өнерге бейімделіп, үйреніп келе жатыр. Өйткені киіз – біздің атадан мұра болып келе жатқан үлкен ұлттық өнеріміз. Бүгінгі шараның ерекшелігі – тек қана киізден, жүннен жасалған бұйымдар ұсынылуда. Ерекшелігі – инемен жасалатын киіз басудың жаңа технологиясымен тек қана жүнге инемен шаншу арқылы салынатын суреттер картиналар.
Бұл әдіске арнайы кертіктері бар ине қолданылады. Иненің ілмектері жүн талшықтарын іліп, бір-бірімен біріктіреді. Осылайша, жүн біртұтас әрі тығыз материалға айналады. Оны икемі бар кез келген адам меңгере алады. Көрме аясында ұйымдастырылған шеберлік сабақтарында тәжірибелі қолөнершілер өзінің іс-тәжірибесімен бөлісіп, жиналғандарға әсем бұйым жасауды үйретті.
Ләззат Тұяқбаева, шебер:
- Осы түрту арқылы осы киізімізді «өлтіріп» алып, үстіне түр салып, сонан кейін кең әдемі дүние шығады. Оны жан-дүниесімен жасаған кезде керемет дүние шығып жатыр, мінекей. Осының барлығы осы түртіп, инені ұру арқылы жасалады. Осы жұмысымызды біз жастарға үйретіп жатырмыз.
Көрменің қорытындысы да, шарықтау шегі де қатысушыларды марапаттау рәсімі мен киізден жасалған ұлттық киімдердің көрсетілімі болды.
«Киіз Fest» дәстүрлі өнердің ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын құндылық екенін тағы бір дәлелдеді. «Қызылордалықтардың көрмеге деген қызығушылығына қарағанда, көне қолөнердің аймақтағы болашағы зор», – дейді ұйымдастырушылар.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Ақан Әлиев
Тегтер #24KZ #Қызылорда #көрме #фестиваль #шеберлерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz