RU
Толық нұсқаға өту

Бибігүл Төлегенова шеберлік сабағын өткізді

18.11.2026, 21:57 31

Ғасырға жуық ғұмырын қазақтың ән өнеріне арнаған Қазақстанның халық әртісі Бибігүл Төлегенова жас таланттардың талабын ұштап, өнер жолындағы ізбасарларына бағыт-бағдар беріп келеді. Бүгін ұлы даланың дара бұлбұлы консерватория студенттеріне шеберлік сағатын өткізді. Әлемдік опера сахналарын бағындырған өнер иесі саналы ғұмырында жинаған тәжірибесімен бөлісіп, жас әншілерге вокалдық шеберліктің қыр-сырын үйретті, деп хабарлайды 24KZ.

Бибігүл Ахметқызы жылына бірнеше рет консерватория студенттерімен жүздесіп, ақыл-кеңесін айтады. Қазақ дауысын әлемге танытқан әншінің репертуары өте бай. Әсіресе халықтың қоңыр сазды әндері мен әлемнің классикалық туындыларын керемет орындады. Опера саңлағының есімі аталса, Латиф Хамидидің «Бұлбұлы» қатар жүреді.

Бибігүл Төлегенова, Қазақстанның халық әртісі, опера әншісі:

– Қазіргі студенттердің қабілеті бұрынғы студенттерге қарағанда жоғары. Өйткені олардың көпшілігі музыкалық мектепті немесе музыка училищесін бітіріп келеді. Яғни барлығының музыкалық білімі бар. Сондықтан олармен жұмыс істеу жеңілірек.

Бибігүл Ахметқызының құнды кеңесін алу үшін ондаған өнерпаз сахна төріне шықты. Соның бірі – ақтөбелік Бексұлтан Төлеусары. Ол сахнада Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсындағы Жанботаның ариозасын орындады. Опера саңлағы жас талантқа дұрыс тыныс алып, ән айтудың қыр-сырын түсіндірді.

Бексұлтан Төлеусары, студент:

– Мұндай шеберлік сағаттары әншілер үшін өте маңызды. Әсіресе академиялық ән салу бағытында жүрген өнерпаздар үшін. Себебі осыған дейін өз интерпретациясымен дамытып, үйреніп келген шығарманы одан әрі жетілдіруге, яғни кәсіби деңгейін көтеруге үлкен мүмкіндік береді.

Бибігүл Төлегенова туған жерін жарты ғасырдан астам уақыт әнмен тербеді. Халық арасында да өнері ерекше бағаланып келеді. Күміс көмей әншінің консерваторияда өткізген шеберлік сағаты – қазақ опера өнерінің дамуына қосып жатқан зор үлесі.

Авторлары: Ернұр Рысбай, Эдуард Кон

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz