Алматы облысында Жетісу күй өнерінің көрнекті өкілі Сыбанқұл Қалбасұлының туғанына 160 жыл толуына орай мерейтойлық шара өтті.
Шелек ауылындағы мәдениет үйіне жиналған өнерсүйер қауым ұлы күйшінің бай мұрасымен қайта қауышып, домбыраның қоңыр үніне құлақ түрді. Ұлы дәулескер күйшілермен есімі қатар аталатын Сыбанқұл Қалбасұлынан бүгінгі ұрпаққа 20-дан астам күй жеткен. Өнертанушылардың айтуынша, алдағы мақсат – күйшінің бірегей шығармаларын жан-жақты зерттеп, саралау, оркестр репертуарына енгізу және кеңінен насихаттау. Рухани кеш аясында күйшінің өмірі мен шығармашылық жолына, сондай-ақ тарихи деректерге негізделген жинақтың тұсаукесері өтті. Сонымен қатар Сыбанқұл Қалбасұлының мол мұрасын қайта жаңғыртуға бағытталған ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері көпшілік назарына ұсынылды.
Айбол Құдайбергенов, күйші:
- Сыбанқұлдың шығарған күйлерінің басым көпшілігін нотаға түсіргенмін. Оның күйлері әртүрлі тақырыпта жазылған. Циклдық күйлері бар. Аққу, Атамекен деген күйлері бар. Аққуды бидайық құстың қуғаны. Аққудың балапандарын аймалағаны деген. Сосын Қара дөң, Жалғыз көзді әулие деген үш күйі бар. Жиренше шешен деген күйлері бар.
Сүлеймен Мәмет, жазушы:
- Рахманқұл Бердібаев деген академик, өзі әдебиетші, өзі күйші кешегі Сүгірлерді танытқан кісі. Сол кісі Сыбанқұлдың үш аққуын тыңдағанда айтты: «Мына күй сұмдық қой деді. Мен осыншама күйшімін, өзім ғалыммын. Мен мынадай күйді естімедім» деді. Қазір Сыбанқұлдың күйі, қай күйін алсаңыз да кәдімгі ұлттық мұрамыз. Сол мұраны жеткізу біздің парызымыз, біздің міндетіміз.
Тегтер #Алматы облысы #күй #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz