RU
Толық нұсқаға өту

Оралда суретші Нұртай Жәрдемовтің көрмесі өтті

24.11.2026, 20:33 26

Оралда Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, суретші Нұртай Жәрдемовтің "Нұрреализм" атты көрмесі ашылды.

Онда суретшінің әлі бояуы кеппеген 60- қа жуық картинасы қойылды.  Көрме бір айға созылады. 

Нұртай Жәрдемов "Триптих" деп аталатын туындысы туралы айтып тұр. Дұрысында,  қылқалам шеберінің шығармасын көрген жан өзінше ой түйеді, әр детальдың астарына жасырынған мағынаны іздейді. Мәселен, көйлегінің етегі тау етегіне ұштасқан мына арудың суретіне қарап, қазақ қызының қадірі бұлттан да биік деген ойға келесің. Суретші биылғы көрмесін "Нұрреализм" деп атапты.

Нұртай Жәрдемов, суретші:

- Мен өз шындығымды көрсеткім келеді. Нұр деген күннің сәулесі. Реализм өзімнің сәуледен шыққан өзімнің шындығым. Бір картина келесі картинаға ұқсамайды. Стилі де ұқсамауы мүмкін, бағыты да ұқсамауы мүмкін. Мүлде басқа болуы мүмкін. Сол бағытта жұмыс істеймін, солай кете береді. Өмір бойы солай жаңара береді. Қашан тоқтайтынын білмеймін. Өнер шексіз. Дәстүрлі сюрреализмнен айырмашылығым - суретті қиындатпаймын, қиын көрсетпеймін, көп астарлатпаймын айқын көрсетем. 

Суретші қолына қылқаламды 10 жасында ұстады.  Содан бері жүздеген картина жазды.  Оның шығармашылығына өнертанушылар жоғары баға беріп, қазақ бейнелеу өнеріне сюрреализм стилінде соны леп әкелген тұлға ретінде сипаттайды.

Нұртай Жәрдемов, суретші:

- Негізгі арманым суретшіге жақсы бір жерде көрме істеген дұрыс деп ойлаймын бағалайтын жерде. Жай жерде емес, бәлкім шетелде болар. Өйткені біздің елде бағалау үшін көп уақыт керек сені. Фигерас деген қала бар Сальвадор Далидың өмір сүрген жері. Сол жерде сюрреализмді бағлаайды да, сол жерде көрме жасасам. 

Биылғы көрмеге суретші 60-қа жуық тың туындыларын қойды. Көрмені тамашаламаққа көрші елден арнайы келгендер де бар. 

Наталья Свиягина суретші, Самара қаласының тұрғыны:

- Таныстарымнан естіп, осы көрмеге арнайы келдім. Өте мықты екен. Әсіресе бояу қолдануы, суреттегі ойды астарлап беруі қайран қалдырды. Бір ғасырдан кейін де  Нұртайдың картиналары жоғары баға аларына сенемін. Өйткені оның туындылары өз халқының болмысынан, тұрмысынан сыр шертеді.

Қалалық көрме залына қойылған Нұртай Жәрдемовтің сурет шығармалары бір ай бойы өз көрерменін күтеді. 

Авторы Е. Жылқайдарұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz