RU
Толық нұсқаға өту

Димаш Құдайбергеннің Латын Америкасындағы турнесі қазақ әндерін әлемге танытты

25.11.2026, 20:00 40

Қазақ әндері әлемдік брендке айналып жатыр. Бұл жолы Латын Америка жұрты төл музыкамызды танып, қазақ тілінде ән шырқады. Оған алтын көмей әнші, Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайбергеннің концерттік турнесі түрткі болды. Мәселен, Мексикадағы кешке билеттер небары 8 минутта сатылып кеткен. Талант иесіне жергілікті жерде көрсетілген құрмет соншалық, тіпті желіде жас өнерпазды Майкл Джексоннан асып түсті дегендер табылады, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл кадрларды тебіренбей көру мүмкін емес. Мұқым Мексика жұрты Алаш ардақтысы Сәкен Сейфуллиннің сөзіне жазылған «Тау ішінде» әнін қосыла шырқап тұр. Туындының тап бұлай танымал болуына қазақтың дарынды ұлы – Димаш Құдайберген мұрындық болды.

Мерида, Монтеррей, Гвадалахара мен Мехико. Димаштың «DIMENSIONS» деп айдар тағылған Латын Америкасындағы ауқымды концерттік шоуы 11 қарашада басталды. Біртуар талант иесін жанкүйерлері асыға күтті. Тіпті концерт билеттері сатылымға шыға салысымен небары 8 минутта сатылып кеткен. Әуежайға қазақтың көк туын қолдарына ұстап кірген көпшілік қазақ баласын көкке көтеріп, алабөтен құрмет көрсетті.

Биіктігі 4,5 метр болатын мүсін. Дүниежүзілік бокс кеңесінің құрметті белдігі. Мұның барлығы біртуар әншіге ормандай тыңдармандары танытқан ықыластың – бір парасы.

Алаштың алтын көмей ұлы өнерді жоғары бағалаған жұртқа тарту жасады. Бұл жолы елге етене таныс әндерімен қатар, сиясы кеуіп үлгермеген су жаңа туындылар шырқалды. Осылайша, бірде мұңға, бірде шаттыққа бөлеген Димаштың әуезді даусы мыңдаған жүректі толқытты.

Иә, Димаш – өнердің өз өкілі ғана емес, ол – қалың қазақтың үні. Ал бұл Колумбиядағы 14 мың көрермен сыятын әйгілі Movistar Arena.

Талай менмін деген эстрада жұлдызы өнер көрсеткен алаң. Қазақстаннан әзірге алғаш болып мұнда Димаштың табаны тиді. Бірегей талантымен дүйім елді мойындатқан әнші сахна төрінде тік тұрып, «қазақ» деген атты тағы бір мәрте жер жаһанға танытты. Ал белгілі америкалық композитор Уолтер Афанасьефф Димаш Құдайбергеннің қабілетін жоғары бағалап, тіпті Майкл Джексоннан үлкен беделге ие әнші деп баға берді.

Қазақ әндерін әлемдік брендке айналдырған Димаштың шығармашылық кештері жалғасады. Латын Америкасындағы ауқымды турне бірер сағат бұрын Чили астанасы Сантьягода өтті. Ал желтоқсанда әнші Перудің Лима қаласында өнер көрсетеді. Жалпы «DIMENSIONS» шоу бағдарламасы аясында бас-аяғы 12 концерт жоспарланған.

Автор: Назерке Тоқжан

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz