Францияда қазақ киносының фестивалі басталды. Биыл 8 рет ұйымдастырылып отырған шара Париж мэриясының тарихи ғимаратында шымылдығын түрді, деп хабарлайды 24KZ.
Қазақстанның Франциядағы Елшілігі мен Париж қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған шара Қазақ елі Тәуелсіздігінің 35 жылдығы және Астана мен Париж арасындағы ынтымақтастық пактісіне 5 жыл толуына орайластырылған. Фестиваль бағдарламасына отандық киноның жаңа туындылары мен классикалық шығармалар енген.
Француз көрермендерінің жыл сайын күзде қазақ киносының жаңа туындыларымен танысуы дәстүрге айналған. Биыл фестиваль Франция астанасы мэриясының тарихи ғимаратында шымылдығын түрді. Мұның да өзіндік мәні бар. Астана мен Париж арасындағы ынтымақтастық пактісіне бес жыл. Париж мэрінің мәдениет жөніндегі орынбасары Флориан Ситбон бүгінгі көрсетілімді осы әріптестіктің бір көрінісі деп атады. Ал Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова отандық кино француз көрермендеріне Ұлы даланың тарихы мен салт-дәстүрін ғана емес, бүгінгі Қазақстанды да танытатынын атап өтті. Биыл Парижде 14 фильм көрсетіледі. Фестиваль бағдарламасы өнердің өзге де бағыттарын қамтиды.
Андрэ Рафаэль Иванов, Франциядағы Қазақ киносы фестивалінің негізін қалаушы және көркемдік жетекшісі:
– Биыл қазақ киносының жанрлық алуандығын көрсету мақсатында фестиваль бағдарламасын кеңейттік. Сонымен қатар өнердің басқа да түрлерін таныстыруға басымдық бердік. Би, балет, бейнелеу өнері, әдебиет пен қолөнердің үздік үлгілерін көрсетуді жөн көрдік. Бағдарламада парфюмерия өнімдері мен дәстүрге айналған сән көрсетілімі де бар.
Фестиваль шымылдығын «Алдар. Махаббат туралы аңыз» тарихи-шытырман оқиғалы картинасы ашты. Режиссер Дин Махаматдиновтың туындысы қазақ пен жоңғар арасындағы қақтығыстарды арқау еткен. Фильмнің өзегінде махаббат хикаясы және баршаға бала кезден таныс Алдардың ақылы мен тапқырлығы жатыр. Картинаны француз көрермендеріне таныстыру үшін Парижге басты рөлді сомдаған актер әрі фильм продюсері Дәурен Серғазин келді.
Дәурен Серғазин, актер, «Алдар. махаббат туралы аңыз» фильмінің продюсері:
– Бұл үлкен құрмет, біріншіден, үлкен дәреже біз үшін. Сондықтан бұл жерде қорқыныш пен толқу бар. Шетелдің көрермені қалай қабылдайды екен, біздің ұлттық нақышымызды қаншалықты дұрыс жеткізе аламыз ба, жеткізе алмаймыз ба. Кез келген дүниені, кез келген қиындықтарды ақылмен шешуге болады. Жалпы біздің ұсынған Алдарымыз сондай. Қарумен емес, жүрекпен, ақылмен, шешендікпен, даналықпен, біздің ата-бабаларымыз сияқты көп мәселені шешуге болады. Басты месседж осы деп ойлаймын.
Көрерменнің ыстық ықыласына қарағанда, фильмнің фольклорлық сарындары аудиторияның көңілінен шыққан. Бірі қазақ киносымен алғаш рет танысса, енді бірі фестиваль аясындағы бірнеше көрсетілімге алдын ала билет алып қойыпты. Фильмдердің басым бөлігі Париждің тарихи орталығында орналасқан көне «Эспас Сен-Мишель» кинотеатрында көрсетіледі.
Мария, Мексикадан келген турист, фестиваль көрермені:
– Менің отаным Мексика өте алыста орналасқан. Соған қарамастан, мәдениетіміз қандай ұқсас десеңізші! Әсіресе отбасылық құндылықтарымыз. Осындай шараға тап болғаныма өте қуаныштымын.
Жюльен Булок, Hermès Paris компаниясының клиенттермен жұмыс істеу орталығының басшысы:
– Маған фильмдегі әзіл мен диалогтардың поэтикалық сипаты ерекше ұнады. Фестивальмен былтыр танысқан едім. Франция киносының тарихы бай. Қазақстанның да кино өнерінде бай мұрасы бар екенін бүгін ашылу салтанатында көрсетілген ретроспективадан байқадық. Алдағы уақытта көптеген қызықты бірлескен жобалар жүзеге асады деп ойлаймын.
Алдағы күндері Париж көрермендері «Ауру», «Үйлену оңай», «Сасық», «Үнсіз», «Әкем сенбі күні қайтыс болды» және өзге де фильмдерді тамашалай алады. Жаңа туындылармен қатар қазақ киносының классикасына да арнайы орын берілген. Қазақстан Елшілігі жанындағы «Абай» мәдени орталығында режиссер Сатыбалды Нарымбетовті еске алу және Семей ядролық полигонының жабылғанына 35 жыл толуына орай «Ләйләнің зары» фильмі көрсетіледі. Ал қазақ киносының көрнекті режиссері Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдығына орай ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде оның «Банданы қуған Хамит» картинасының арнайы көрсетілімі өтеді. Парижден кейін қазақ киносының фестивалі Францияның тағы төрт қаласында – Бордо, Нант, Клермон-Ферран және Каннда жалғасады.
Авторлары: Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан
Тегтер #24KZ #Франция #Қазақ киносы #фестиваль #Тәуелсіздікке 35 жылPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz