RU
Толық нұсқаға өту

Елордада «Томирис» ұлттық балетінің әлемдік премьерасы өтті

26.11.2026, 23:50 32

Салтанатты шара ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай ұйымдастырылған. Бұл – «Астана Опера» театрының өз күшімен дайындаған толық форматтағы алғашқы ұлттық балеті, деп хабарлайды 24KZ.

Мұнда композитор Хамит Шаңғалиевтің музыкасы мен Сұлтанбек Ғұмардың хореографиясы қолданылған. Спектакль Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық мәдениет пен тарихи мұраны сақтау жөніндегі бастамасын қолдау мақсатында сахналанып отыр. Тамаша туындыны Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев пен Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов келді. Сондай-ақ, Эстонияның  мәдениет минитсрі, Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің президенті мен бас директоры және өзге де шетелдік меймандар премьераның құрметті қонағы болды. 

Бүгін «Астана Опера» көрермендері сақ дәуіріне сапар шекті. Сахна бірде айқас алаңына айналса, енді бірде ошақ жылуын сездіргендей кейіпте болды. Тарихтан сыр шерткен атмосфераны қазақтың ұлттық аспаптары жүрек түкпіріне дейін жеткізді.

Сұлтанбек Ғұмар, қоюшы хореграф:

– Сол заманға жақындату үшін біз симфониялық оркестрден бет бұрып, заманауи бағытта өзіміздің ұлттық аспаптарымызды қолдандық. Сазсырнай, сыбызғы, дабыл, домбыра сияқты аспаптарды таңдадық. Осы аспаптардың көмегімен кең байтақ даламыздың еркіндігін, сол заманның атмосферасын жеткізу жеңілірек екенін түсініп, осындай шешім қабылдадық.

Қойылымда көпшілікке батыр ханшайымның беймәлім қырын таныту көзделген. «Туындыда оның жауынгерлік өнерінен гөрі, аналық образын көбірек ашқымыз келді», – дейді спектакльдің либреттосын жазған танымал драматург Ермек Аманшаев.

Ермек Аманшаев, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, драматург:

– Жаңа Конституциямызда тұңғыш рет «Ұлы даланың мыңжылдық тарихын сабақтастыра отырып» деген сөйлем жазылып отыр. Бұл – бірінші рет. Яғни Ұлы даланың мыңдаған жылдық тарихы осындай ұлы тұлғалардан, Томирис сияқты тарихи тұлғалардан тұрады. Ол – әйел патша. Тек қана патша емес. Оның өмірге деген көзқарасы, өз перзентіне, айналасындағы елі мен халқына деген қарым-қатынасы – осының барлығы оны ұлы аңыздық тұлғаға айналдырған.

Сахнадағы әр қимылдың мінсіз орындалуы, спектакль желісінің өзара қабысып, толық бір шығармаға айналуы авторлардың көрермен көңілінен шығуға барын салғанын көрсеткендей. Ұжымның бұл еңбегін халық та елеусіз қалдырмады. Қойылым соңында ұзақ қол соқты. 

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Рыстанбек Оспанов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz