RU
Толық нұсқаға өту
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Астанада «Томирис» ұлттық балетінің әлемдік премьерасы өтті

27.11.2026, 11:43 28

Астанада «Томирис» ұлттық балетінің әлемдік премьерасы өтті. Екі актілі қойылым Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен сахналанды, деп хабарлайды «24KZ».

Балет идеясына сақ патшайымы Томиристің өмір жолы арқау болған. Қойылымда азаттық, отансүйгіштік пен адалдық секілді құндылықтар дәріптеледі. Туынды тарихи сананы жаңғыртып, ұлттық мұраны өнер арқылы насихаттауға бағытталған.

«Томирис» – «Астана Опера» театрының шығармашылық ұжымы арнайы әзірлеген тұңғыш толыққанды екі актілі ұлттық балет. Музыкасын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хамит Шаңғалиев жазған. Қоюшы хореографы – Сұлтанбек Ғұмар, либретто авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ермек Аманшаев.

Қойылымда классикалық балет үлгілері қазақ биінің элементтерімен, ұлттық әуендермен және заманауи хореографиямен үйлесім тапқан. Сахнаның көркемдік безендірілуі мен жарық беру тұжырымдамасын жапониялық сценограф Йоко Сеяма әзірледі. Ал костюм суретшісі Дариға Тайшықова сахналық киімдерді жасауда сақ дәуірінің ерекшеліктерін негізге алған.

Премьераны Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Эстонияның Мәдениет министрі Хейди Пурга, Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің президенті Витольд Банька, сондай-ақ отандық және шетелдік мәдениет пен өнер қайраткерлері, дипломатиялық корпус өкілдері тамашалады.

Спектакльден кейін Арман Қырықбаев театр ұжымымен кездесіп, шығармашылық топты премьерамен құттықтады. Министр ұлттық мәдени мұраны дәріптейтін төл туындыларды сахналаудың маңызын атап өтіп, қойылым авторлары мен оны жүзеге асыруға атсалысқан мамандарға алғыс білдірді.

«Томирис» балетінің премьерасы Қазақстанның мәдени өміріндегі айтулы оқиғалардың бірі болды. Жаңа туынды театр репертуарын толықтырып, елдің тарихи-мәдени мұрасын заманауи сахна өнері арқылы танытуға мүмкіндік береді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz