RU
Толық нұсқаға өту

Павлодарда ұлттық қолөнерді жаңғыртқан шебердің көрмесі ашылды

28.11.2026, 10:30 18

Павлодарда танымал суретші, сәндік-қолданбалы өнер шебері Майса Ықыласованың «Рауан» атты мерейтойлық көрмесі ашылды, деп хабарлайды 24KZ.

Ұлттық қолөнерді жанына серік еткен шебер қой жүнінен киіз басып, сан түрлі картина мен кілем жасайды. Бұл жолғы шығармашылық көрмесін ол Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арнаған.

Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде төрт түліктің орны қашанда ерекше. Әсіресе қой жүні мен терісінен жасалған бұйымдар көшпенділер мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналған. Майса Ықыласова өз шығармашылығы арқылы осы бай мұраны жаңғыртып, оған жаңа тыныс, заманауи көркемдік сипат беріп келеді.

Ақертіс Солтанбаев, облыстық Көркемсурет музейінің директоры:

– Бұл кісінің еңбектеріне келетін болсақ, маған ұнайтын жұмыстары көп. Соның ішінде ерекше бір туындысы – «Томирис» композициясы. Бұл – тұтастай киізден басылған композиция. Оны жасау – қаншама механикалық процестен тұратын жұмыс. Киізді илеудің өзіндік технологиясы бар. Ал суретті дәлме-дәл осылай шығару – өте ауыр, күрделі жұмыс.

Шебердің әр туындысы ұлттық нақыш пен авторлық қиялдың үйлесімін көрсетеді. Киіз басудың дәстүрлі техникасы арқылы ол табиғат көріністерін, қиял-ғажайып бейнелерді және туған жердің рухын ерекше өрнектейді. Көрмеге автордың киізден жасалған 14 бірегей туындысы қойылды. Әр шығарма ұлттық болмыс пен бай тарихты өнер тілімен бейнелейді. Суретшінің айтуынша, қой жүні – қасиеті мол, мүмкіндігі зор табиғи материал. Оны тиімді пайдалана отырып, сан алуан тұрмыстық бұйымдар мен бірегей өнер туындыларын жасауға болады.

Майса Ықыласова, суретші:

– Киіздің болашағы өте зор деп ойлаймын. Себебі шынын айтсақ, қазір бүкіл әлем киізге бет бұрды. Киізден киімнің әртүрлі түрлерін, интерьер бұйымдарын, мүсіндер, сонымен қатар кәдесыйлар, ойыншықтар, бас киімдер жасалады. Тіпті бастан-аяқ киізден тігілген киімдер де бар. Сондай-ақ үлкен-үлкен текеметтер мен кілемдер жасалып жатыр.

Майса Ықыласованың шығармашылығы шетелде де жоғары бағаланған. Ол Біріккен Араб Әмірліктері мен Түркияда жеке көрмелерін өткізіп, туындыларын шетелдік көрермендерге таныстырған. Өнерсүйер қауымның қызығушылығын тудырған бірқатар туындысы сол елдерде сатылып та кеткен екен.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz