RU
Толық нұсқаға өту

Түркістан жайлы деректер жинағы шықты

28.11.2026, 10:40 29

«Мәңгілік және әрқашан жаңа Түркістан» атты үш тілде жазылған кітап-альбом жарық көрді. Онда төрт жылдық зерттеудің нәтижесі мен шет елдердегі музейлерден алынған тың деректер жинақталды, деп хабарлайды 24KZ.

«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында «Алматыкітап» баспасы туындыны көпшілікке таныстырды. Жинақты құрастырушылар көркем шежіреде Түркістан тарихы түгел қамтылғанын айтады. Әмір Темірдің соңғы бейнесінен бастап, Рабия Сұлтан Бегімнің қылқаламмен салынған портреті, Эрмитаж бен Лувр секілді әлемдік музейлерде сақталған Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тиесілі құнды жәдігерлер бар. Сондай-ақ кітаптан отандық суретшілер мен монументалистер Дәурен Қастеев, Нұрлан Қилыбаев пен Нұрлан Әбішевтің 17 картинасын көруге болады. Этнограф, тарихшы Азат Әкімбектің коллекциясындағы сирек автолитография да енгізілген. Басылымның тұсаукесеріне белгілі суретшілер мен зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ өңірдің әр ауданынан келген педагогтер мен кітапханашылар қатысты.

Дәурен Қастеев, суретші:

– Мен үшін осындай ауқымды жобаға қатысу үлкен мәртебе. Түркістан біздің баға жетпес рухани мұрамыз. Меніңше, бұл – еңбек археологтар мен тарихшылар үшін де тарихи маңызы зор дүние. Мен ең әуелі өткен ғасырдың тынысын сезінгім келді. Рәбия бегімнің тағдыры ерекше шабыттандырды. Оның өмір жолымен танысып, оқи отырып, сол кезеңдегі адамдардың қандай жағдайларды бастан өткергенін сезінуге, олардың жан-дүниесін түсінуге тырыстым.

Саттар Мәжитов, жинақтың ғылыми жетекішісі:

– Түркістан кітабының ерекшелігі тарих пен өмір, мәдениет пен ғылым, білім мен болашақ ұштасып жатыр. Тек қана мәтін арқылы ғана емес, суреттер, бейнелер, сатып алуға тура келген деректер болды. Бұл – көпсалалы жанрда жасалған кітап. Бір жерінде проза болса, бір жерінде өлең бар. Бір жерінде қарапайым дерек болса, екіншісінде ғылыми тағылым айтатын жолдарды табасыз.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz