RU
Толық нұсқаға өту

Парижде Қазақ киносының VIII фестивалі өтіп жатыр

29.11.2026, 11:46 31

Француз жұртшылығы қазақ киносының үздік туындыларымен танысуды жалғастыруда.

Парижде өтіп жатқан Қазақ киносының VIII фестивалі аясында еліміздің елшілігінде белгілі режиссер Сатыбалды Нарымбетовтың «Ләйләнің зары» фильмі көрсетілді. Белгілі жазушы-драматург Роза Мұқанованың повесінің желісімен түсірілген туынды Семей ядролық полигонындағы сынақтардың зардабын тартқан Ләйлә есімді қыз бен Дегелең ауылы тұрғындарының тағдырын суреттейді. Көрсетілім Қазақстан Тәуелсіздігінің және полигонның жабылғанына 35 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Фильмді тамашалауға Францияның мәдениет және іскерлік орта өкілдері, қазақ диаспорасы мен киносүйер қауым жиналды. Бағдарламаға қазақ киносының классикалық туындылары мен заманауи фильмдерінен құралған 14 картина енген.

Алекси, көрермен:

- Фильмде сол кезеңдегі қоғамдық жағдай мен тарихи оқиғалар әсерлі бейнеленген. Ядролық полигондағы сынақтардың жергілікті халықтың өміріне, жануарлар мен табиғатқа қаншалықты әсер еткені анық көрсетілген.

Элам, көрермен:

- Фестиваль бағдарламасы биыл да алуан түрлі. Мұнда әрдайым Қазақстанды, оның халқын, тарихы мен қазіргі өмірін тереңірек тануға мүмкіндік беретін фильмдер көрсетіледі. Фестиваль аясында өтетін мәдени іс-шараларды да ерекше атап өткім келеді. 

Кинокөрсетілім мәдени бағдарламамен де толықты. Жас дизайнерлер Тасқын Мырза мен Диана Рахымның ұлттық нақыштағы авторлық топтамасы сән көрсетілімінде көпшілік назарына ұсынылды. Бұл іс-шараны Қазақстан елшілігінің қолдауымен фестиваль серіктесі — KazFashionParis қауымдастығы ұйымдастырды. Сондай-ақ қонақтар суретші Мариям Думушельдің картиналарын тамашалап, дәстүрлі киізден заманауи өнер туындыларын жасайтын Аделина Құлмаханованың арт-жобасымен танысты.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz