Павлодар облысындағы «Ертіс орманы» табиғи резерваты аумағында қарағайды заңсыз кесудің 216 дерегі тіркелді, деп хабарлайды 24kz.
Ерекше қорғалатын орман алқабына келтірілген шығын көлемі 65 миллион теңгеден асып отыр. Бұл соңғы бес жылда анықталған жағдай. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, бұл қылмыстардың басым бөлігі орман қызметкерлерінің тікелей қатысуымен жасалған. Былтыр резерват басшылығының қатысуымен әрекет еткен ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілген болатын. Қазір бұл іс сотта қаралып жатыр. Заңсыз әрекеттер мұнымен шектелмейді. «Ертіс орманы» резерватының Шалдай филиалында жалпы құны 12 миллион теңгеге бағаланған қарағай тұқымының жетіспеушілігі анықталды. Қазіргі таңда тұқымдар резерваттың балансына қайтарылған. Орман шаруашылығында бұдан өзге де заң бұзушылықтарға жол берілгені белгілі болды. Тиісті органдар тергеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Әсет Оспанов, СЖҚІҚА Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:
- Резерватта сонымен қатар ағашты өткізу үшін берілетін рұқсат қағаз саны тіркеуге алынбаған. Бұл бір құжатпен ағашты шектеусіз көлемде өткізуге мүмкіндік береді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау қорытындысы бойынша 35 ұсыныс енгізді. Әзірге оның тек үшеуі орындалды.
Тегтер #Павлодар облысы #Ертіс орманы #резерватPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz