Петропавлда нөсер жауыннан кейін пәтерлерді су басты.
Шатырдан аққан жаңбыр суы, бірінші қабатқа дейін жеткен. Қазір зардап шеккен тұрғындар шығын көлемін есептеп, не істерін білмей дал. Себебі үйді басқаруға алған компаниядан қайыр жоқ, - дейді олар.
Бұл үйдің тұрғындары жаңбыр жауса шелек ала жөнеледі. Себебі ауа райы құбылса төбеден су сорғалап, еден-қабырғаларды дымқыл тартады. Руслан Әшіров бұл пәтерді сатып алғанына қатты өкінеді.
Руслан Әшіров, қала тұрғыны:
- Үйдің шатырын жөндеу керек. Ол бізге өте қымбатқа түседі. Оған тұрғындардың ақшасы жоқ. Су 3 бөлменің төбесінен ақты. Енді бұның бәрі қашан кеуіп болады?!
1986 жылы салынған көп қабатты үйдің шатыры күрделі жөндеу көрмеген. Тұрғындардың айтуынша, басқарушы компаниядан пайда жоқ. Ұйым өкілдері сұхбат беруден бас тартты. Ал әкімдік «тараптардың жеке қарым-қатынасына араласа алмаймыз», - деп отыр.
Диана Жанғазина, қалалық тұрғын үй инспекциясының бас маманы:
- Тұрғындарға мүлік иелері бірлестігі төрағасын тағайындауға кеңес береміз. Басқарушы компаниямен келісімшарт содан кейін ғана жасалады. Ал қазіргі құжаттары ресми түрде тіркелмеген. Сондықтан оларға сотқа жүгінген жөн.
Нөсер жауыннан 30 пәтер бүлінді. Қазір тұрғындар шығын көлемін анықтап жатыр. Ал синоптиктердің болжамы көңіл көншітпейді. Демалыс күндері тағы да жаңбыр жауады.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков
Тегтер #Петропавл #су басты #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz