RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстанда соңғы үш-төрт күнде жол апатынан 25 адам көз жұмды

15.09.2025, 19:25 430

Кибер әлем секілді, күре жол да қателікті кешірмейді. Соңғы үш-төрт күнде жол апатынан 25 адам көз жұмды, деп хабарлайды 24kz.

Үш өңірде болған оқыс оқиғалардың екеуіне көліктің қарсы бағытқа шығып кетуі себеп. Яғни, жолдағы жазатайым жағдайлар жүргізушілердің жүгенсіздігінен болған. Полиция бұндай апаттарды болдырмау үшін қандай шаралар қабылдап жатыр? Енді ережеге бағынбағандар қалай жазаланады?

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Өткен бейсенбіде Маңғыстау облысында көлік аударылып, 10 адам көз жұмды. Оның сегізі оқиға орнында тіл тартпай кетсе, екеуі ауруханаға бара жатқанда қайтыс болды. Алдын ала мәлімет бойынша минивен жүргізушісі рөлге ие бола алмай қалған. Қазір іс тергеліп жатыр.

Еркін Елеусізов, Маңғыстау облысы Қарақия ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасары:

- Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қажетті сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін, жылдамдық режимін және жолаушыларды тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Жол ережесінің болмашы бұзылуы да орны толмас қайғы салдарына әкеліп соғуы мүмкін.

Сенбіден жексенбіге қараған түні Жетісу облысында тағы 10 адамның күретамыры күре жолда үзілді. Жантүршігерлік апат көліктің қарсы бағытқа шығып кетуінен болған. «Қайғылы жағдайға жүргізушінің жауапсызыдығы немесе жылдамдық себеп болды ма дегенді полиция анықтап жатыр.

Жасұлан Байкенов, облыстық ПД бастығының орынбасары:

- Аталған іс бойынша қылмыстық іс қозғалды. Болған мән-жайды толық анықтау үшін сотқа дейін тергеп тексеру амалдар жүргізілуде. Жол апатының нақты себептері анықталуда. Қарастырып жатқан жылдамдықты арттыру және жол ережелерін бұзу бар.

Дәл сол түні Қарағанды облысында да жол апаты болып, 5 адам көз жұмды. Бұл жолы да көлік жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кеткен. Енді министрлік тас жолда тайраңдайтындарға тосқауыл қоймақшы.

Ғалым Сарғұлов, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары:

- Ішкі істер министрлігі жолдағы бақылауды күшейтеді. Ауқымды тексерістер, рейдтер, қаларалық бағытпен жеке тасымалдаушыларға мониторинг жүргізіледі. Көліктің, техниканың жағдайына және жүргізушілердің жауапкершілігіне ерекше назар аударылады.

Алайда жолдағы қауіпсіздік полицияның ғана уайымы емес. Бұл сапарға шыққан әр адамның жеке тәртібі мен жауапкершілігіне тікелей байланысты. Сондықтан көлік тізгіндеген әр азамат жол ережесін сақтауға мүдделі болуға тиіс.

Авторы: Серік Селеубайұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz