Ішкі істер министрлігі адам саудасына қатысты қылмыстарға қарсы күрес жүргізу және қоғамның, әсіресе өскелең ұрпақтың моральдық ахуалына теріс әсер ететін заңсыз контенттің таралуына тосқауыл қою бойынша кешенді шаралар қабылдап келеді, - деп хабарлайды "24KZ"
Cәуір айында ел аумағында ІІМ тарапынан кезекті ауқымды "STOP трафик" жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды. Нәтижесінде адам саудасына қатысты 41 қылмыс тіркеліп, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты 9 дерек анықталды.
"Жастарды деструктивті және азғындық сипаттағы әрекеттерге тартумен, сондай-ақ қоғамның моральдық-адамгершілік ахуалына, отбасы институтына және өскелең ұрпақ тәрбиесіне теріс әсер ететін өзге де заңсыз қызмет түрлерімен айналысатын тұлғалар мен топтарды анықтауға ерекше назар аударылуда", - деді Қуандық Алпыс.
Сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында, Абай, Атырау, Жамбыл, Павлодар және Маңғыстау облыстарында дәстүрлі емес сексуалдық бағдардағы заңсыз әрекеттерге және жастарды азғындатуға белсенді түрде тартылған күдіктілерге қатысты 20 қылмыстық іс қозғалды. Адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ) жұқтыру фактісі бойынша 15 сотқа дейінгі тергеп-тексеру және порнографиялық материалдарды заңсыз тарату бойынша 5 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
- Адам саудасына қарсы іс-қимыл, азаматтардың құқықтарын қорғау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда, - деді спикер.
Тегтер #қылмыс #ІІМ #адам саудасы #24KZ #24жаңалықтарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz