RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

СҚО-да құтыру диагнозы анықталды: Амангелді ауылында карантин жарияланды

29.04.2026, 11:37 40

Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданына қарасты Амангелді ауылында құтыру дерті тіркелді, деп хабарлайды «24KZ». 

Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, қауіпті вирус елді мекендегі иттен табылған. Жануар өз иесіне тап беріп, қаппақ болған соң, күдіктенген тұрғын ветеринарларға хабарласқан. Лабораториялық сараптама нәтижесі иттің «құтыру» дертіне шалдыққанын растады.

Осыған байланысты қауіпті аймақ деп танылған аумақта бірқатар шектеулер қойылды:

Иттер мен мысықтардың көрмесін өткізуге тыйым салынды;
Жануарларды саудалауға және ауыл аумағынан сыртқа шығаруға шектеу қойылды.

Инфекция ошағында дезинфекция жұмыстары жүргізіліп, 45 үй жануарына құтыруға қарсы екпе егілді. Ветеринария басқармасы бөлімінің басшысы Нариман Тасболатовтың айтуынша, шектеу шаралары вакцинациядан кейін екі ай өткен соң алынуы мүмкін.

«Қазіргі уақытта жағдай тұрақты. Жоспарлы ветеринариялық іс-шаралар толық көлемде орындалып жатыр», - деді Нариман Тасболатов.

Мамандар тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтап, үй жануарларын уақытылы вакцинациялауға және кез келген күдікті жағдайда дереу ветеринар мамандарға жүгінуге шақырады. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өкілдері атап өткендей, облыс бойынша тұрғындар арасында бұл дертті жұқтыру жағдайлары тіркелген жоқ.

Айта кетейік, жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 239 адам қаңғыбас ит пен мысықтың қауып алуына байланысты медициналық көмекке жүгінген.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz