Қазақстанда дәрілік препараттарды жеткізу кезінде қолданылған заңсыз схема салдарынан мемлекетке 3,7 млрд теңге көлемінде шығын келтірілген қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды, деп хабарлайды «24KZ».
Қаржылық мониторинг агенттігі мәліметінше, «Интерфармсервис» ЖШС Дюшенн бұлшықет дистрофиясын емдеуге арналған дәрілердің еліміздегі жалғыз жеткізушісі болған. Алайда компания басшылығы заңсыз пайда табу мақсатында күрделі қаржылық схема құрған.
Атап айтқанда, жеткізу тізбегіне Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген үлестес компания қосылып, жалған мәмілелер арқылы препараттардың бағасы әдейі көтерілген. Соның салдарынан дәрілердің нақты құны жасырылып, мемлекетке 3,7 млрд теңге көлемінде шығын келтірілген.
Бұдан бөлек, күдіктілер табысты жасыру үшін жалған кәсіпкерлер арқылы жалған шот-фактуралар рәсімдеп, 4 млрд теңгеден астам қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырған. Нәтижесінде 637 млн теңгеден астам салық төленбей қалған.
Заңсыз табысқа алынған мүлік көлемі де ауқымды: 32 пәтер, 11 автокөлік және 8 тұрғын үй. Қазіргі уақытта олардың барлығына тәркілеу мақсатында тыйым салынды.
Сотқа дейінгі тергеу барысында екі күдікті үйқамаққа алынып, үшінші тұлғаға кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазір тараптар іс материалдарымен танысып жатыр. Іс жақын арада сотқа жолдануы мүмкін.
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz