Астанадан әуеге көтерілген Air Astana ұшағының қозғалтқышы істен шықты.
Көлік министрлігінің мәліметінше, 8 мамырда Астана – Франкфурт бағыты бойынша KZR921 рейсін орындау кезінде Air Astana АҚ-ның Airbus A321 әуе кемесі техникалық себептерге байланысты қонуға мәжбүр болды.
Астана әуежайынан ұшып шыққаннан кейін әуе кемесінің экипажы қозғалтқыштардың бірінің істен шығуына байланысты PAN-PAN шұғыл дабылын жариялады. Осыған байланысты экипаж Ақтөбе қаласының қосалқы әуежайына қону туралы шешім қабылдады, делінген хабарламада.
Әуе кемесінің бортында 93 жолаушы, оның ішінде 4 бала мен 1 нәресте, сондай-ақ экипаждың 9 мүшесі болған.
Әуе кемесі Ақтөбе әуежайына жергілікті уақыт бойынша сағат 11:34-те штаттық режимде қонды. Экипаж әуе кемесінің жедел пайдалану жөніндегі анықтамалығында (QRH – Quick Reference Handbook) көзделген рәсімдерге сәйкес әрекет етті. Қонғаннан кейін әуе кемесі тұрақ орнына өздігінен жетті. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында әуежайдың авариялық-құтқару және тиісті жерүсті қызметтері жұмылдырылды.
Авиациялық оқиға әуе кемесінің күштік қондырғысындағы техникалық ақауға байланысты болды. Қазіргі уақытта зардап шеккендер немесе әуе кемесінің зақымдануы туралы ақпарат түскен жоқ.
Аталған оқиға ауыр инцидент ретінде қаралып, оны ҚР Көлік министрлігінің Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеп-тексеру департаменті тергейтін болады.
Тегтер #Астана #ұшақ #техникалық ақау #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz