Ішкі істер министрлігі «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында синтетикалық есірткі өндірісіне тосқауыл қою бойынша кешенді жұмыстарды жалғастыруда. Мамыр айының басында жүргізілген арнайы операция нәтижесінде Түркістан облысының Арыс қаласында ірі есірткі зертханасы жойылды. Жедел-іздестіру шаралары барысында қала шетіндегі жеке үйлердің бірінде ағайынды екі ер адамның есірткі өндірісін заңсыз ұйымдастырғаны анықталды деп хабарлайды «24KZ».
Тінту кезінде оқиға орнынан жарты тоннаға жуық сұйық мефедрон және 1,5 тонна прекурсор тәркіленді. Сонымен қатар есірткі дайындауға арналған химиялық реактор, магниттік араластырғыштар, колбалар мен өзге де технологиялық құрал-жабдықтар алынып, тиісті сараптамалар тағайындалды.
Қазіргі уақытта күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардың үстінен Қылмыстық кодекстің 297-1-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Айта кетерлігі, аталған баптың санкциясы өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов есірткі бизнесіне қатысты кез келген әрекет қатаң түрде тоқтатылатынын және бұл бағыттағы жұмыстардың тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.
Тегтер #синтетика #есірткі бизнесі #24KZ #24жаңалықтарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz