Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы аумағындағы Қарақабақ қалашығында жүргізіліп жатқан археологиялық зерттеулер барысында б.з. I–VI ғасырларға жататын көне сауда және қолөнер орталығы болғаны анықталды, деп хабарлайды «24KZ».
Мамандардың мәліметінше, көне қалашықтан 2000 жыл бұрын халықаралық сауда байланыстары жүргенін дәлелдейтін жәдігерлер табылған. Атап айтқанда Византия, Үндістан, Рим, Парсы және Қытай өркениеттерімен байланысты тиындар, мөрлер, қыш ыдыстар және өзге де артефактілер бар. Сонымен қатар көне порт пен қолөнер өндірісіне қатысты деректер анықталып отыр.
Мамандар бұл нысанның Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағындағы маңызды теңіз-құрлық сауда торабы болғанын атап өтуде.
Археологиялық жұмыстармен танысу мақсатында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірге арнайы барды. Сондай-ақ делегация құрамында Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты директоры Ақан Оңғарұлы мен археолог Андрей Астафьев болды. Қонақтар Түпқараған ауданы аумағындағы қазба жұмыстарының барысымен танысты.
Өңір басшысы Қарақабақтың тарихи маңызына тоқталып, оның ежелгі өркениет пен халықаралық сауда жүйесіндегі орнын айқындайтын деректерге назар аударды.
Тегтер #Маңғыстау облысы #Қарақабақ #археология #24жаңалықтар #24KZ–Біз қазір Қарақабақ деген жерде тұрмыз. Ғалымдардың пайымдауынша бұл қала ІІ ғасырдағы Рим ғалымы Клавдий Птолемей жасаған Каспий теңізінің шығыс жағалауының картасында Аспабота деген қала-мемлекет ретінде көрсетілген. Бұнда жер астында көне қаланың орны жатқаны анықталып отыр. Қазіргі тілмен айтқанда, бұл өз дәуірінің ірі логистикалық хабы болған деуге болады. Бұл деректер ата-бабаларымыз тек көшіп-қонып, мал шаруашылығымен ғана айналысты деген түсінікті жоққа шығарады. Керісінше, мұнда үлкен сауда айналымы жүргенін, өркениет болғанын дәлелдейді, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz