12 мамырға қараған түні Өскемен металлургиялық кешенінде орын алған апаттан зардап шеккен тағы бір жұмысшы ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды «24KZ».
Еске сала кетсек, қайғылы жағдай 5 мамыр күні таңертең болған еді. Зауыт аумағындағы шаң жинау құрылғысы жарылып, арты өртке ұласқан. Жарылыс салдарынан ғимарат конструкцияларының бір бөлігі құлап, оқиға орнында екі адам қаза тапқан болатын. Бес жұмысшы түрлі деңгейдегі жарақаттармен, соның ішінде ауыр күйік шалу дерегімен ауруханаға жеткізілген еді.
«Компания қаза тапқан жұмысшының жақындарына және барлық қызметкерлерге қажетті қолдау көрсетіп жатыр. Қазіргі уақытта апат салдарын жою және мемлекеттік органдармен бірлескен тергеу жұмыстары жалғасуда», - делінген ресми хабарламада.
Аталған оқиға бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов жағдайды жеке бақылауына алып, Төтенше жағдайлар министрлігіне, Экология министрлігіне және Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.
Қазіргі уақытта Өскемен металлургиялық кешенінің мырыш және қорғасын зауыттары өндірістік қуаттылығын уақытша төмендетіп, шектеулі режимде жұмыс істеп тұр. Тергеу амалдарының нәтижесі бойынша қосымша ақпарат берілетіні хабарланды.
Тегтер #Казцинк #Өскемен #24жаңалықтар #24KZ
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz