Атырау облысы Жылыой ауданында бірнеше жасөспірім қатарластарын аяусыз соққыға жыққан. Жасөспірімдер өз әрекеттерін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған, деп хабарлайды «24KZ».
Желіде тараған бейнежазбада екі жасөспірімді өз қатарластары жерге құлатып, соққыға жығылғаны анық көрінеді. Видеода бірнеше бала жерде жатқан балаларды бастарына жұдырықпен ұрып, денесінен тепкілегені байқалады. Бұл видео желі қолданушыларының ашуын туғызып, көпшілік жасөспірімдер арасындағы қатыгездік мәселесін сынға алды.
Атырау облысы полиция департаменті мәліметінше, аталған оқиғаға қатысы бар жасөспірімдердің жасы 13 және 14-те екені анықталған. Қазіргі уақытта барлық кәмелетке толмағандар заңды өкілдерімен бірге полиция бөліміне жеткізілген.
“Жасөспірімдер ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне қойылды. Жиналған материалдар тиісті шешім қабылдау үшін Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жолданды”, – деп хабарлады полиция өкілдері.
Сонымен қатар, қазір оқиғаның мән-жайы толық тексеріліп жатыр. Қоғам белсенділері мен желі қолданушылары жасөспірімдер арасындағы буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын күшейту қажет екенін айтуда. Мамандардың пікірінше, мұндай жағдайлардың алдын алу үшін ата-аналар мен мектеп арасындағы байланыс нығайтылып, балалардың психологиялық жағдайына көбірек көңіл бөлінуі керек.
Тегтер #Жылыой ауд #жасөспірімдер #соққыға жықты #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz