RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

Шығыста заңсыз алтын өндіргендер құрықталды

25.05.2026, 15:55 43

Шығыс Қазақстан облысында заңсыз алтын іздеушілердің ірі әрекеті әшкереленді. Күршім ауданының Маралды ауылдық округіне қарасты «Көлшілік» учаскесінде жасырын түрде бағалы металл өндіріп келгендер қылмыс үстінде ұсталды, деп хабарлайды «24KZ»

Бұл қарапайым қолмен алтын шаюшылардың тірлігі емес. Заңсыз алтын өндірушілердің заманауи құралдармен мұздай қаруланғаны белгілі болды. Олар мемлекет меншігіндегі жерді қазу үшін ауыр мамандандырылған техниканы, тіпті құқық қорғау органдарының көзіне түспеу және өзара байланыс орнату үшін арнайы спутниктік байланыс құралдарын пайдаланған.

Биылғы жылдың сәуір айында Күршім ауданының прокуратурасы, ШҚО бойынша ҰҚКД (Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті) және Күршім орман шаруашылығының қызметкерлері бірлесіп, кең ауқымды рейд өткізген.

Рейд кезінде қылмыс үстінде 4 адам ұсталды. Құрықталғандардың ішінде еліміздің Шығыс өңірінде заңсыз жүрген Өзбекстан Республикасының азаматы да бар екені анықталды.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 295-1-бабымен (Жер қойнауын өз бетімен пайдалану) қылмыстық іс қозғалды. Тәркіленген техникалар айғақ зат ретінде алынды.

Құқық қорғау органдары істің барлық мән-жайын, заңсыз бизнестің артында кімдер тұрғанын және мемлекетке келген шығын көлемін анықтау үшін жедел-тергеу амалдарын жалғастырып жатыр.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz