Ақтөбе облысының Қобда ауданында бірінші сынып оқушысы мектеп аумағында бензин ішіп қойып, ауруханаға түсті. Оқиға оқу жылы аяқталуға аз уақыт қалғанда болған, деп хабарлайды «24KZ».
Алдын ала мәлімет бойынша, үлкен үзіліс кезінде жеті жастағы оқушы сыртта ойнап жүрген. Кейін белгісіз себеппен мектептің жертөлесіне түсіп кеткен. Сол жерден ішінде белгісіз сұйықтық құйылған ыдысты тауып алып, оны ішіп қойған. Артынша бала қайтадан сыныпқа оралған.
Сабақ барысында мұғалім оқушыдан бензиннің өткір иісі шығып тұрғанын байқап, одан не болғанын сұраған. Сол кезде бала жертөледен тапқан сұйықтықты ішкенін айтқан.
Белгілі болғандай, оқушы сабақ аяқталғанша мектепте болған. Алайда үйіне барғаннан кейін жағдайы нашарлап, құса бастаған. Осыдан кейін анасы оны аудандық ауруханаға жеткізген.
Дәрігерлер баланың асқазанын шұғыл түрде шайып, кейін облыстық балалар клиникалық ауруханасына жолдаған. Мамандар қажетті ем жүргізіп, баланың жағдайын бақылауға алған.
Ақтөбе облыстық білім басқармасы аталған оқиғаны растады. Ведомствоның мәліметінше, бала абайсызда бензин иісі бар сұйықтықты ішіп қойған.
Облыстық балалар ауруханасында ем қабылдап, дәрігерлердің бақылауында болғаннан кейін оның жағдайы тұрақталған. Қазіргі уақытта оқушының өміріне қауіп жоқ, ол үйіне шығарылған.
Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін білім басқармасы арнайы комиссия құрған. Сондай-ақ мектеп аумағындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуы тексерілуде.
Тегтер #Ақтөбе облысы #оқушы #бензин #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz