RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

1 млрд теңгенің заңсыз схемасы: Түркия азаматының мүлкі тәркіленді

28.05.2026, 10:54 49

Жоғарғы сот қассациялық наразылық негізінде Алматыда 1 миллиард теңгеден астам сомаға жалған шот-фактура жазған Түркия азаматына қатысты сот актілерін өзгертті. Жоғары сатылы соттың шешімімен қылмыстық жолмен табылған ақшаға сатып алынған Астанадағы кеңсе ғимараты және оны жалға беруден түскен барлық табыс мемлекет меншігіне өтті, деп хабарлайды «24KZ».

Бұған дейін бірінші сатыдағы сот шетелдік азаматты кінәлі деп танып, бас бостандығынан айыру жазасын кескен болатын. Кейіннен оған қатысты рақымшылық заңы қолданылды. Алайда, алғашқы сот үкімінде қылмыстық жолмен келген мүлікті міндетті түрде тәркілеу мәселесі ескерусіз қалған.

Прокуратураның қассациялық наразылығынан кейін Жоғары сот істі қайта қарап, заңсыз ақшаға алынған Астанадағы кеңсесі мемлекет пайдасына алынды.Сонымен қатар, осы мүлікті коммерциялық мақсатта жалға беруден түскен заңсыз табыс толығымен мемлекет меншігіне айналдырылды.

Тергеу материалдарына сәйкес, Түркия азаматы Алматы қаласында өзіне бағынышты бірнеше фирма құрған. Ол осы компаниялар арқылы ешқандай жұмыстарды нақты орындамай және тауарларды жеткізбей, жалпы құны 1 миллиард теңгеден асатын жалған шот-фактураларды жазып берудің заңсыз схемасын ұйымдастырған.

Күдікті заңсыз әрекеттерден түскен ірі көлемдегі мүліктік пайданы жасыру және заңдастыру мақсатында Астанадан коммерциялық жылжымайтын мүлік сатып алған. Кейіннен бұл кеңсені жалға беріп, тұрақты түрде заңды табыс тауып отырған.

Сарапшылардың пікірінше, бұл прецедент көлеңкелі экономикамен күрестегі маңызды қадам болып табылады. Заң бойынша, қылмыстық жолмен табылған кез келген мүлік пен одан кейін әкелінген табыс, тіпті рақымшылық қолданылған жағдайда да, міндетті түрде тәркіленуі тиіс. Қазіргі уақытта сот шешімі заңды күшіне еніп, мүлікті мемлекет балансына өткізу жұмыстары басталды.

 https://t.me/tv24kz_kaz

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz