Бес адам, оның ішінде бір бала, Астанада автокөліктің жарылуы салдарынан ауыр жарақат алды, деп хабарлайды «24KZ».
Оқиға Сарайшық ауданындағы Қ. Аманжолов көшесінде болған. Елордалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жол бойында жеңіл автокөлік өртенген.
Оқиға орнына жедел түрде өрт сөндіру бөлімшелері мен Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері жеткен. Өрт сөндірушілер жалынды толықтай ауыздықтады.
Алдын ала мәлімет бойынша, өрт сөндірушілер келгенге дейін көлікте газ-ауа қоспасының жарылысы болып, артынша өрт шыққан. Оқиға салдарынан маңайда тұрған бірнеше автокөлік те зақымданған.
ТЖД мәліметіне сәйкес, өрттен бес адам, оның ішінде бір бала зардап шеккен. Оларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп, кейін ауруханаға жеткізілді.
Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккендердің жағдайы «тұрақты ауыр» деп бағаланғанын хабарлады.
Оқиғаның нақты себебі анықталып жатыр.
ТЖД автокөлік иелеріне көліктерін уақтылы техникалық тексеруден өткізіп, өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауды ескертті.
Тегтер #Астана #көлік #өрт #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz