RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

Келесте екі ағайынды бала суға кетіп, көз жұмды

04.06.2026, 10:01 65

Түркістан облысының Келес ауданында қайғылы жағдай болды.  Ошақты суару каналына құлап кеткен екі ағайынды баланы ағыс алып кетіп, екеуі де қаза тапты, деп хабарлайды «24KZ»  otyrar.kz сайтына сілтеме жасап. 

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға 31 мамыр күні кешкі уақытта Еңбекші ауылында болған. Алдын ала ақпарат бойынша, 13 және 8 жастағы ағайынды балалар белгісіз себептермен каналға құлап, күшті ағыс оларды бірден алып кеткен.

Балаларды іздеуге Түркістан облысы ТЖД, полиция қызметкерлері мен жедел-құтқару жасағының 73 маманы жұмылдырылды. Сондай-ақ 11 техника мен екі жүзу құралы тартылған.

Құтқарушылардың айтуынша, үлкен баланың денесі оқиға болған түні табылған, ал кішісі келесі күні анықталған. Қазіргі уақытта қайғылы жағдайдың барлық мән-жайы жан-жақты тексеріліп жатыр.

Өкінішке қарай, судағы жазатайым оқиғалар өңірде жиілеп кеткен. Жыл басынан бері Түркістан облысында суға кетудің 16 дерегі тіркелген. Оның 12-сі – балалар.

Осыған байланысты мамандар ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға және жабдықталмаған, қауіпті су айдындарында шомылуға жол бермеуге шақырады.

Айта кетейік, бұған дейін, 23 наурыз күні Келес ауданында 8 жастағы бала суға кетіп, оның денесін құтқарушылар бір ай бойы іздеген болатын. Алайда іздестіру жұмыстары нәтиже бермеген еді.

Мамандар су маңында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға және балаларды үнемі бақылауда ұстауға кеңес береді.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz