RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

Алматы облысында жатырында 6 ісігі бар әйел дені сау сәби босанды

04.06.2026, 11:21 42

Алматы облысында дәрігерлер күрделі операцияны сәтті өткізді. Олар 35 жастағы әйелді босандырып, бір мезетте жатырындағы алты ісікті алып тастады, деп хабарлайды «24KZ».

Науқас жүктіліктің ерте кезеңінде Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасына жүгінген. Оған жатырдың көптік миомасы диагнозы қойылған. Дәрігерлердің тұрақты бақылауының арқасында әйел жүктілікті 37 аптаға дейін аман-есен көтеріп шыққан.

Жүктілік мерзімі толық жеткен соң мамандар жоспарлы кесарь тілігін жасау туралы шешім қабылдайды. Операция барысында алдымен дені сау сәби дүниеге келіп, кейін дәрігерлер жатырдағы миома түйіндерін алып тастауға кіріскен.

Нәтижесінде көлемі 4-тен 10 сантиметрге дейін жететін алты ісік алынып, әйелдің жатырын сақтап қалған. Күрделі операцияға үш акушер-гинеколог қатысқан.

Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы директорының орынбасары Гүлжаһан Жұмадуллаеваның айтуынша, жатыр миомасы әйелдің ана болуына міндетті түрде кедергі келтірмейді. Алайда мұндай жағдайда дәрігердің тұрақты бақылауы мен уақытылы тексерілуі аса маңызды.

Мамандардың сөзінше, ерте диагностика мен дұрыс емдеу тактикасы көптеген әйелдің репродуктивтік денсаулығын сақтап, ана атану мүмкіндігін арттырады.

Медициналық көмек Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында көрсетілген.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz