Ұлытау облысының Сәтбаев қаласындағы «Юность» стадионында бұзақылық дерегі тіркелді. Бірнеше жасөспірім спорт нысанының трибунасын бүлдірген, деп хабарлайды «24KZ».
Әлеуметтік желіде тараған видеода бір топ баланың трибунадағы пластикалық орындықтарды әдейі сындырып жатқанын көруге болады. Бұл оқиға желі қолданушыларының наразылығын тудырды.
Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Ұлытау облысы полиция департаментінің қызметкерлері екі кәмелетке толмаған жасөспірімнің жеке басын анықтады. Ата-аналарының қатысуымен олармен профилактикалық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін ата-аналарына қатысты әкімшілік іс қозғалды. Бұдан бөлек, келтірілген материалдық шығынды өтеу міндеті де жүктеледі, – делінген Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Полиция департаменті тұрғындар мен қала қонақтарын қоғамдық мүлік пен инфрақұрылым нысандарына ұқыпты қарауға шақырды.
Сондай-ақ ата-аналарға жазғы демалыс кезінде балалардың жүріс-тұрысын бақылауды күшейтіп, қоғамдық орындардағы тәртіп пен қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін түсіндіру ұсынылды.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #Ұлытау облысы #стадион #ЮностьPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz