Қостанай облысында Тобыл өзенінде бірнеше күнге созылған іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталды. Суға батып кеткен атасы мен немересінің денелері табылды, деп хабарлайды «24KZ» облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, 16 маусымда ТЖД жедел-құтқару тобы оқиға орнынан 1,5 шақырым төмен ағыстан 2020 жылы туған баланың денесін тауып, судан алып шықты. Көп ұзамай құтқарушылар мен еріктілер өзен ағысымен шамамен 5 шақырым жерден 1967 жылы туған ер адамның да мәйітін анықтады.
Ауқымды іздестіру шараларына ТЖД қызметкерлері, полиция, жедел жәрдем бригадасы, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, сондай-ақ еріктілер топтары мен жергілікті тұрғындардан құралған 40-қа жуық маман жұмылдырылды. Сонымен қатар арнайы техника, жүзу құралдары мен дрондар тартылды.
Еске сала кетсек, қайғылы оқиға 14 маусымда Қостанай ауданындағы Алтын дала ауылының маңында, Тобыл өзенінің жағасында болған еді. Табиғат аясына демалуға шыққан бір отбасының алты жасар баласы өзен жағасында ойнап жүріп, абайсызда сүрініп суға құлап, қатты ағысқа тап болады. Мұны көрген атасы немересін құтқару үшін іле-шала суға секіргенімен, қатты ағыс екеуін де алып кеткен. Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады.
Тегтер #Қостанай #Тобыл #24жаңалықтар #24KZ
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz