RU
Толық нұсқаға өту

АҚШ-тағы соңғы күндер:  Чикагода қаза тапқан қазақстандыққа қатысты тың дерек айтылды

17.06.2026, 16:04 66

Жерлесіміз Иллинойс штатында тұрып, Amazon компаниясының жеткізу қызметінде жұмыс істеген, деп хабарлайды «24KZ» Ulysmedia.kz-ға сілтеме жасап.

АҚШ-та жоғалып кеткен қазақстандық Әсет Құралбайдың оқиғасы қайғылы аяқталды. Полиция мен жақындары оның қаза тапқанын растаған. Қазір марқұмның соңғы күндеріне, тұрған жеріне және көлігінің табылуына қатысты жаңа деректер айтылып жатыр.

Белгілі болғандай, ол Чикаго маңындағы Форд-Хайтс елді мекенінде тұрған. Әлеуметтік желідегі деректерге қарағанда, ол 1324 Park Avenue мекенжайындағы үйден бөлме жалдаған. Бұл аудан жергілікті қауіпсіздік рейтингтерінде қылмыс деңгейі жоғары аймақтардың бірі ретінде танымал.

Журналистер барған көшеде ескі үйлер, қараусыз қалған аулалар мен тозған жолдар байқалған. Әлеуметтік желі қолданушыларының айтуынша, бұл маңда ТМД елдерінен барған мигранттар арзан бөлме жалдап тұруы мүмкін.

Әсет Құралбай соңғы рет 2026 жылғы 2 маусымда байланысқа шыққан. Сол күні ол үлкен ағасымен телефон арқылы сөйлескен. Осыдан кейін онымен байланыс үзілген.

Алғашында туыстары қатты алаңдамаған. Себебі Әсет бұрын да бірнеше күнге телефонын өшіріп, жалғыз қалатын болған. Алайда бес күн бойы хабар болмаған соң жақындары алаңдай бастаған. 7 маусымда оның телефоны толық өшіп қалған. Осыдан кейін отбасы Чикагодағы таныстарынан Әсеттің тұрған жерін барып тексеруді сұраған.

Таныстары оның бөлмесіне кіргенде, жағдайдың күмәнді екенін байқаған. Себебі Әсет үйінде барлық құжатын, банк карталарын және жеке заттарын қалдырып кеткен.

Ең алаңдатарлық дерек – бөлмеден қоштасу хатының табылуы. Онда 24 жастағы жігіт өзіне бірдеңе болса, жеке заттары мен құжаттарын кімге беру керектігін жазып кеткені айтылады.

10 маусым күні бұл іс одан әрі күрделене түсті. Үйден бірнеше минуттық жерде Toyota Camry көлігі табылған. Ол жергілікті Family Dollar дүкенінің жанында тұрған.

Журналистер бұл жерге барған кезде бұл дүкен қарапайым арзан тауар сататын дискаунтер екені, әрі бұл көшедегі жалғыз сауда орны болуы мүмкін екені байқалған. Полиция Family Dollar дүкеніндегі бейнебақылау жазбаларын тәркілеген. Дәл осы сәтте іске қатысты алғашқы куәгер немесе ықтимал күдікті туралы ақпарат пайда болды.

АҚШ-тың әлеуметтік желі сегментінде тараған мәліметке сәйкес, оның көлігін қара нәсілді әйел айдап кеткен. Оның жеке басы анықталмаған.

Тергеу жүріп жатыр.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz